$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жол апаты жасөспірімнің өмірін жалмады

AstanaTV
26.10.2020ж. 20:00
2370
Жол апаты жасөспірімнің өмірін жалмады

Жамбыл облысындағы жантүршігерлік жол апатынан жасөспірім қайтыс болды. Зардап шеккен тағы бір адамды облыс орталығына шұғыл жеткізген. Өзге науқастардың жағдайын дәрігерлер орташа ауырлықта деп бағалады. "Алматы-Тараз" тас жолында болған апатқа не себеп болды? Әсем Лесбектің репортажы.   

Бұл - жантүршігерлік жол апаты сенбі күні Жамбыл облысы аумағында болған. "Алматы-Тараз" тас жолында жүйіткіген «Лада Гранта» автокөлігі, «Митсубиси Пажеро» көлігімен соғылыпты. Қатты соққыдан жол талғамайтын көлік аударылып кеткен.

Апаттан жарақат алған бес жолаушы да бірден Қордай аудандық ауруханасына жеткізілді. Олардың ең кішісі – 16-да болса, ал үлкені - 65 жаста. Дәрігерлер ауыр жарақат алған жасөспірімнің өмірін сақтап қала алмаған.

Марина ШАЯХМЕТОВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ҚОРДАЙ ОРТАЛЫҚ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

16 жасар жасөспірім 25-ші қазан күні бас-ми жарақатымен қайтыс болды. Санитарлық авиация жолымен бір жарақат алған адам Тараз қаласына бас-ми жарақатымен тұрақты жағдайда ауыстырылды.

Ақ халаттылар, тағы бір науқастың иық және сан сүйектері сынып аудандық аурухананың хирургия бөлімінде жатқанын айтты. Зардап шеккен өзге екеуі қазір жергілікті мекен-жайы бойынша ем қабылдауға жібертіліпті. Полиция бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
 
Гүлсара МҰХТАРҚҰЛОВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Алматыдан Тараз қаласына бағыт алған «Митсубиси Пажеро» маркалы автомобильін айналма жолдан бұрылу кезінде «Лада Гранта» маркалы автомобильді артқы жағынан соққан. Қазіргі таңда аталмыш факт бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 345-ші бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Өзге ақпараттарды тәртіп сақшылары жариялаудан бас тартты. Сараптама қорытындыларынан соң белгілі болады деді. Бірақ ауа райы өңірде қиындық тудырмаған.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Алайда бірқатар өңірлерде ауа райының қолайсыздығы, жол апаттарының көбеюіне негіз болған.  Ішкі істер министрлігінің дерегінше, соңғы бір аптада көлік апатынан 40 адам қаза тапқан. Оған қоса 235 жолаушы түрлі дене жарақатын алып, аурухана төсегіне байланыпты.  

Ә. Лесбек