Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Тобыл өңірін ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету үшін 95 миллиард теңге қажет

AstanaTV
27.10.2020ж. 20:00
1906
Тобыл өңірін ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету үшін 95 миллиард теңге қажет

ХХІ ғасырдың 20-шы жылына жеттік. Ал, қазақ елінде әлі күнге ауыз суға жарымай отырған елді мекендер бар. Бір өкініштісі мемлекет қоржынынан бұл салаға қомақты қаражат бөлінеді. Бірақ, атқарылған жұмыстар көңіл көншітпейді. Суға жарымай отырған аймақтар арасында шетелге астық экспорттап отырған Қостанай облысы бар. Өңірдегі тілшіміз Заңғар Санай тақырыпты өрбітсін.

Қостанай ауданына қарасты Садчиков ауылында 1200-ден астам түтін бар. Мұндағы көпшілік көптен бері ауыз су азабын тартуда. Тұрғындар түйткілін  аудан атқамінерлері анық біледі. Алайда  құбыр тартылады деген құр уәде он жыл бойы  орындалмай отыр.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Алты мыңға жуық адам тұратын ауылда жалғыз құдық бар. Оның өзінде кейде су құрып, түбі көрініп қалады. Амалы таусылған ауылдықтар алты шақырым жердегі бұлақ басына барады.

Александр ОХОТНИКОВ, САДЧИКОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Алты шақырым жердегі бұлақтан барып су аламыз. Ауламызда ұңғыма бар. Бірақ мұндағы су ішуге жарамсыз.

Галия ДАУДРИХ, САДЧИКОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

20 жылдай болды ғой. Сусыз өмір сүру өте қиын. Суды алыстан бұлақтан әкелеміз. Қаладан алып келеміз.

Үкімет отырысына онлайн қатысқан облыс әкімі елді-мекендерді тұнық сумен қамтамасыз ету үшін  қыруар жұмыстар тындырылып  жатқанын айтты. Игі мақсатқа ел қазынасынан биыл 15 миллиардқа жуық ақша бөлінген. Ал жергілікті бюджеттен су тарату және тазарту пунктерін салуға тағы қосымша қаражат қарастырылған. 14 су таситын автокөлік сатып алыныпты. Әйтсе де әкім Архимед Мұхамбетов Қостанай жаққа бөлінетін қаражаттың көлемін еселеуді сұрады.

Архимед МҰХАМБЕТОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жоспарымыз қабылданды 3 бағыт бойынша. Оған 95 миллиардтай қаржы керек. Жыл сайын 20-25 миллиард теңге қаржы қажет етіп отыр. Барлық сметалық құжаттарды дайындадық. Қолдауларыңызды сұраймыз.

Егер ел қазынасынан 95 миллиард теңге бөлінсе Тобыл өңірі алдағы 5 жылда  толық ауыз сумен қамтылмақ. Қазіргі таңда Қостанай облысындағы 520 ауылдың 33 пайыздан астамы, яғни 174 елді-мекенде ғана тіршілік нәрі қолжетімді.

З. Санай