$484.19 €524.28 ₽5.03
×

Бүркіттің тұлыбы... Жалғасбек. Ауылды өркендету? Урбанизация?

AstanaTV
23.09.2017ж. 20:00
3027
Бүркіттің тұлыбы... Жалғасбек. Ауылды өркендету? Урбанизация?

...Мемлекеттік қызметкерлерге беріліп, кейін арнайы қорға тапсырылған қымбат сыйлық ...бүркіттің тұлыбы екен. Тудэй.кз порталының сауалына Қаржы министрлігі берген жауаптан. Жыл басынан бері министрліктің  тиісті департаментіне 116 сыйлық тапсырылған – сувенирлер, косметика және арақ-шарап өнімдері.
Бүркіттің тұлыбын ОҚО Мақтаарал ауданы әкімдігінің қызметкері өткізіпті, ол 75 мың теңгеге бағаланған. Ал арзаны- Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкері тапсырған жазу кітапшасы – 371 теңге. Жалпы, сыйланған азық-түлік, темекі, арақ-шарап өнімдері қолдану мерзімі өтіп кетсе, немесе оларды сақтау тауардың бағасынан қымбатқа түссе, жойылады екен.

Елімізде мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық алуға тыйым салынған. Олар 371 теңгелік жазу кітапшасын да өткізіп тастайды... Енді мынадай мәлімет, статистика комитетінің есебі – маусым айы бойынша еліміздегі кәсіпорындар мен ұйымдарда 2,9 миллион адам жұмыс істеген. Айта кету керек, шағын кәсіпорындар есепке кірмеген. Енді кестеге назар салыңыз: 

20 мың теңгеден 90 мың теңге аралығындағы айлықты 45,7 пайызы;

90 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейінгі жалақыны 29 пайызы;

150 мың теңгеден 270 мың теңгеге дейінгі айлықты 16,8 пайызы;

270 мың теңгеден жоғары айлықты 8,4 пайызы алған...

Ал Жалғасбектер  - Жалғасбек деген кім?- дейсіз бе, Ақтөбеде «құл базар» дейтін жерде уақытша жұмысқа жалданатын адам, «ауылда жұмыс жоқ, 4 балам бар, жүргенім өстіп қаңғырып», - дейді. Жалғасбек сияқты кісілер аз емес. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев «қазақстандықтардың деструктивті діни секталарға кетуіне аймақтардағы әлеуметтік-экономикалық жағдай, тұрмыс тауқыметі әсер етіп отыр» деп, бірінші рет ашық айтты.Бір күні морт сынатындарының бірі «сақалдыларға» қосылса, енді бірі криминалды топтарға кіріп кетеді.Бәрі дерлік өшпенділікке толы сезіммен жүреді. Ауылдарда адам тұратындай жағдай жасалсын,- дейміз. Бірақ урбанизация процесін тежеу мүмкін бе? 

Гүлбарам Меңдеева,  тілші:

Қаңырап жатқан ауыл, ауылдан қалаға қашқан жастар, ушыққан миграция, жұмыссыздық, теріс ағымдарға түсіп, қылмыс жасау - мына тоқыма секілді бір-бірімен өріліп,  күрмеуі қиын үлкен проблемаға айналды. Ниет болса түйінді тарқатуға болар еді.  Бірақ тастай салған. Билік оның шоқтың үстінде жатқанын біледі. Бірақ қауіпті бағамдай алмайтын секілді.  Ал шоқтың лаулайтын қасиеті бар.

Шоқтың қыза түскенін Божко байқады. Өміріне көңілі толмайтын, айналадағының бәріне өкпелі адамдар елге үлкен қауіп төндіріп тұр. Осылай деген депутат қауіпсіздікті сақтау үшін жастарды қалаға сабылтпай, ауылда жағдай жасау керек деп мәлімдеді.

Владимир Божко, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

Ауыл жастары лайықты өмір кешу үшін жұмыс, баспана және заманауи әлеуметтік-мәдени инфрақұрылым болуы тиіс. Егер ауылдағы жағдайды жақсартпасақ, жұмыс істейтін адам болмайды. Сосын барлығын шетелден тасимыз. Ал ірі қалаларда маргиналды халық бөлігі ұлғайып, қалалықтар сияқты өмір сүре алмағандықтан, өз өмірлеріне көңілі толмай, кез келген себеппен көшеге шеруге шығуы мүмкін.

Өз өмірлеріне көңілі толмай жүрген жастар көп. Жұмыс, баспана жоқ. Қалаға бейімделе алмау, ортасын таба алмау тағы бар. Әлеуметтік жағдайы қажытқан адамның қылмысқа баратыны айдан анық. Дін істері және азаматтық қоғам министрі мынадай тың деректерді келтірді.  

Нұрлан Ермекбаев,  ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

Қылмысқа барған адамдардың 50 пайыздан астамы қылмыс жасаған кезде жұмыссыз болған. 12 пайыздан астамы бірнеше рет сотталғанын анықтады зерттеу. Олардың көбісінің жағдайы күрделі немесе әлеуметтік тұрмыстық жағдайда өскен немесе толық емес жанұяларды тәрбиеленген.  

Министрдің сөзін мына фактілер дәлелдейді. Халық көп шоғырланған Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 21 мыңнан аса қылмыс тіркелген. Оның 90 пайызы жұмыссыздардың ісі.

Салтанат Қаракөзова,  ОҚО ІІД баспасөз жетекшісі:

Жыл басынан бері 782 мал ұрлығы тіркеліп отыр. Оның барлығы жұмыссыздармен жасалған. Алаяқтық бойынша 2200 қылмыс тіркелген. Олардың барлығы да жұмыссыздармен жасалып отыр. Ал жас жағына тоқталатын болсақ, мен айта алмаймын, жастары әртүрлі.

Теріс ағым үшін қауіпті аймақ саналатын Ақтөбеде де жұмыссыздар аз емес. Олар құл базарда қаптап жүр. Тұрмыс тауқыметін тартқанның бірі – Жалғасбек. Ақтөбеге басқа облыстан келген. Күніне 2-3 мың теңге тауып, өлместің күнін кешіп жүр. 

Жалғасбек:

Совхоздан келдім. Жұмыс жоқ. Шеттей бала-шаға, отырысымыз осы мынау. Пятак дейді. Оны да дұрыс түсінбейміз. Осы 1,2,3 мың теңгеге жұмыс істеп иә балаларымызға, иә өзімізге жетпейді. Қаңғып жүрміз. Ауылда тіршілік жоқ. Шеттей 4 балам бар. Ауылда не істейміз? Қайда барамын? Ауылда жұмыс жоқ. 25 мың теңге айлық. 20 мың теіге охрана. Лицензия, қаруға лицензия бәрі бар. Не істеймін мен ауылға барғанда?

Мұндай құл базарлар әр аймақта бар. Астана мен Алматы да одан ада емес. Жұмыссыздар бюросы іспетті. Жалғасбектей жастар осы жерді жағалап жүр. Бір күндік өмір сүріп жатқандардың көбі жүзін көрсетіп, мұңын шағуға намыстанады. Қымбатшылық қыспаққа алған соң 19 жастағы мына жігіт те оқуын тастап кеткен. Өйткені дипломмен жұмыс табатынына сенбепті.

Көшедегі жігіт:

Колледжден шығып кеттім. Степендия алып, грантта оқығам. Қатты ойланып кеттім, бәрібір істей алмаймын ғой деп одан да ертерек қимылдап, ақша жинайын деп. Қазір жұмыс істеймін, цехта. Дипломың бар болса кіре алмайсың, бар болса да ақшамен, таныспен кіресің. 

Ал Айжан күдерін үзбейді. Ауылдан келіп, Алматыда агроном мамандына оқыған ол, екі айдан бері жұмыс таппай сабылып жүр.

Айжан Мейрамбекқызы:

Көп жерге барамыз, барлығы жұмыс өтілін сұрайды. Жоқ болса барлығына тәжірибесі бар керек. Жаңадан бітірген жастарда бірден опыт жоқ қой енді. Сондықтан осы жағынан мемлекет көмектессе.

Еуразиялық экономикалық комиссия дерегінше, еліміздегі еңбек бюросына тіркелгендер саны 37 пайыздан асқан. Бірақ ресми есеп басқаша. Жұмыссыздар 5 пайызға жетпейді. Яғни екі қолға бір күрек таппай жүрген 500 мыңдай адам ғана.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Біз қазір ауыл жастарын оқуға тартып, қай жерде жұмыс күші қажет болатын болса, сол жерге жұмысқа тарту мәселесін қарастырып жатырмыз ...

Бағдарламалар бар, бірақ басы болғанымен аяғы жоқ. Саясаттанушы Расул Жұмалы нәтижесіз тәжірибені доғару керек дейді. 

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Бұл мәселенің мемлекет тарапынан дұрыс реттеліп отырғанын байқамаймыз. Бірақ біршама бағдарламалар қабылданды. «Ауыл жылы» деп қаншама жылдар жарияланды. Ауыз сумен қамту, газ тарту, мәдени ошақтарды тұрғызу, «дипломмен ауылға» деген бағдарлама болды. Бірақ олар ешқандай нәтижеге әкелген жоқ. Ортақолды, қаржы жетіспейтін, талан-таражға түсетін, енді әлсіз бағдарламалар болды. Мұндай басы бар, аяғы жоқ бағдарламалар меніңше, бұл мәселені ешбір шешпейді. Алдыңғы тәжірибе соны көрсетті.

Ауылды дамытамыз ба, әлде қаланы көркейтеміз бе? Бұл сұраққа биліктің жауабы екіұдай. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев нақты саясатты ұстанбай, мәселені шешу мүмкін емес деп отыр. 

Серік Бейсембаев, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Бізде нақты стратегиялық айқын бағыт анықталмаған. Мысал үшін, «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама бар яғни, бір қарасаңыз ауылдағы жастардың санын көбейту, ауылда ұстап қалу саясаты бар екен деген түсінік қалыптасады. Екінші жағынан қаланы көркейтейік, қаланы дамытайық деген бағыт бар. Менің ойымша, нақты анықтап алу керек.

Жаһандану процесі әлемде, Қазақстанда да қарқынды жүріп жатыр. Статистика сандарын сөйлетсек. Былтыр Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысына қоныс аударғандар көп. 135 мыңдай адам елорданы таңдапты. Ел ішінде 617 мыңдай адам қонысын ауыстырған. Ал биылғы жылдың жарты жылында көшушілер саны 580 мыңға жуық. Бұл бір жылдық есепке тақап қалады. Демек, ішкі миграция қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда Астанаға келушілердің саны 23 мың адамға көп. Ал Алматы мен Алматы облысына қоныс тепкендер жарты жылдың ішінде өткен жылғы санынан асып түскен.  Жұрт жиі көшетін аймақтар қатарында Оңтүстік Қазақстан облысы да бар. Бұл - табиғи процесс. Сондықтан мамандар урбанизацияға көшу керек дейді. 

Серік Бейсембаев, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Түрлі зерттеулермен дәлелденген нәрсе - қалалық елді-мекендерде, адам саны көп шоғырланған жерде ғылым, білім, технология тезірек дамиды. Сондықтан менің ойымша, қазіргі саясат ауылда тұратын адамдарды қалаға бағыттау керек, соны қолдауға бағытталу керек. Сол бағытта жұмыс істеу керек. 

Расул Жұмалы,  саясаттанушы:

Қалай болғанда да ауыл қазір қаладағы мүмкіндіктерді бере алмайтыны анық. Алматы мен Астанаға жастардың ағылып жатқаны. Ауыл бос қалады да, қалаларда миграция мәселесі ушығып тұр. Неге облыс орталықтарын  жақсы бір деңгейге жеткізбеуге? Шымкентте де, Алматыда да, Астанада да, Ақтауда да жұмыс орындары жетерлік, шын мәнінде. Бірақ сол жұмыс орындарын түрлі себептермен жабық есік жағдайында қабылданғанның кесірінен шетел азаматтары келіп, өзіміздің адамдар, өзіміздің еңбек нарығы жұмыстан қағылып отыр. Көпжақты, көпсалалы проблема. Оны шешу үшін ауқымды, кешенді шаруаларды қолға алу керек. Мемлекет деңгейінде, парламент тарапынан.

Дегенмен, үкімет биыл ауылға бағытталған тағы бір жобаның тұсауын кесті. Ол нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау деп аталады. Ол ауылдағы тұрмысты түзеп, жұмыссыздарды азайтуды көздейді. Пилоттық жоба әзірге 80 аудан орталығында ауыл жастарын кәсіпке баулуды қолға алған. Тіпті 3-4 миллион теңгелік несие рәсімдеп, 2 мың адам кәсібін ашып үлгерген.

Әлібек Байнешов, «Атамекен» ҰКП «Бизнес бастау» жобасының үйлестірушісі: 

Биылғы жылдан бастап ауылдық жастарға өте бір үлкен мүмкіндік десек болады. Осыны пайдаланып, ауыл жастары оқыса, өте керемет болар еді. 5 жылдық бағдарлама. Алда 135 мың адамды бағдарлама аясында оқыту жоспарда тұр. Оның ішінде 20 пайызы бизнес ашуы қажет. Алдағы мақсат сол. 

Бірақ ауылда мемлекеттің қолдауынсыз кәсіп ашып жатқан жастар бар. Астанада білім алған соң ауылына қайтқандардың бірі – Бағдат. 25 жастағы кәсіпкер Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы ауылда досы екеуі компьютер жөндейді. Алғашында қиыналғанымен, қазір аудандағы мекемелердің 80 пайызына қызмет көрсетіп отыр.  

Бағдат Жақыпбеков, кәсіпкер:

Басында әрине, оңай емес болды.1 жылдай ақша түспей дегендей. 1-2 организациямен бастадық договормен жұмыс істеуді. Қазір тағы екі адамды жұмысқа алдық.

18 миллион халық Қазақстанның кең байтақ жерінің 1 пайызында ғана тұрады екен. Сол жұрттың 40 пайызы туған жерінде тұрып жатыр. Көшпенді қазақ отырықшылыққа әбден еті үйренген секілді. Жүгін жиып, басқа жерге қоныс аударуға психологиялық тұрғыда дайын емес көрінеді. Дегенмен, халықтың 30 пайызы қалаға көшуді қалайды. Әлеуметтанушылар жүргізген сауалнама қорытындысы осындай. Демек, ауылдағы ағайын тек жақсы тұрмыс пен өркениеттен қалмас үшін ғана қалаға көшуге дайын.

Гүлбарам Меңдеева «Біздің уақыт».