Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысы қамалды

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысы қамалды

Батыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысы ұсталды. Болатбек Қаюпов 7 миллион теңгені қалтасына басқан деген күдікке ілікті. Бірақ бұған қатысты жергілікті құзырлылар жұмған аузын ашар емес. Шенділер неліктен параға құмартты? Жаза қатаңдаса да, жемқорлықтың азаймауына не себеп? Тақырыпты әріптесім Ғалымжан Өтемісов тарқатады.

Халық арасында шықса «Батыстан» шығады деген қаңқу сөз бар. Жыл басынан бері бір ғана Батыс Қазақстан облысында жемқорлыққа жол берген 25 шенеунік сотталған. Дені пара алғаны үшін, бюджет қаражатын қалтаға басқан деп айыпталыпты. Олардың қатары тағы бір шендімен толықты. Коронавирус қыспаққа алғанда Оралдың бас дәрігері қаражатқа қол сұққан көрінеді.  

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ:

Алдын-ала мәлімет бойынша параның сомасы шамамен 7 миллион теңге. Облыстың бас дәрігері қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іске қатысты кез-келген ақпарат прокуратурамен келісілгеннен кейін беріледі.

Басшысы тұтылған басқармадан жауаптыларды өзіміз де таба алмадық. Орынбасарлары да орнында жоқ. Ал қабылдау бөлмесі сыртынан кілттеулі. Мамандары басшыларының бар-жоғынан бейхабар...

Айта кетейік, аймақтың бас дәрігері Болатбек Қаюповқа қатысты тергеу басталды деген қауесет бұған дейін де тараған болатын. Ол кезде құқыққорғаушылар басқарма басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілмеген деп жауап берген еді. Арадан бір ай өтпей, бұл ақпарат қайта тарады. Соңғы кезде параға құныққан шенділердің қатары артқаны байқалады. Халық тарапынан да шенеуніктерге сенім азайған.

БЛИЦ:

- Кейінгі кездері парақорлар көбейіп кетті. Жағдай түзелеме десек, енді мүлде сенімсіздік пайда болды. Қашан мұның алдын алар екенбіз.

- Билікте отырғандардың іс-әрекетіне бәріміз наразымыз. Құнығуды қойса ғой.


Жемқорлар көбейген сайын, олармен күресте күшейген. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. Парламенттің қос палатасы жыл сайын заңға өзгеріс енгізсе де, көлеңкелі қылмыс кеміген емес.

Айгүл ҚАПАРОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Мемлекеттік сананы, қоғамдық сананы өзгерту қажет болып жатыр. Мемлекеттік қызметкер ақшаны өзінің жеке қаржысы ретінде көрмеуі керек. Оны халықтың қаржысы деп көріп, сол жауапкершілікті сезінуі қажет.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты тыю мүмкін емес. Оны тек азайту мүмкін - дейді сарапшылар. Қалай болғанымен де, билік қана емес, халықтың да парадан арылар кезі келеріне үміттенейік.

Ғ.Өтемісов