Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Тағы да Tesla туралы. Елімізде келесі жылы электромобиль шығару жоспарланған.

AstanaTV
23.09.2017ж. 20:00
10487
Тағы да Tesla туралы. Елімізде келесі жылы электромобиль шығару жоспарланған.

Ресейлік Republic басылымының жазуына қарағанда, көрші елдегі Tesla автокөлігі барлар техникалық байқаудан өту немесе жөндеу жұмыстары үшін ...Хелсьсинкиге барады екен. Себебі ең жақын ресми сервис орталық Финляндия астанасында орналасқан. Ресейде Tesla көлігінің саны 215 ғана екенін айта кетейік. Сондай-ақ, олардың бәрі бірдей Хельсинкиге бара бермейтіні де жазылған. Майда-шүйде жөндеуді ресми емес сервис орталықтар-ақ жасап береді екен. Мақалада Tesla көлігімен жүретін белгілі адамдардың арасында Сбербанк президенті Герман Греф аталған. Ал миллиардер Роман Абрамович достары мен әріптестеріне жиырма шақты Tesla сыйлаған. Tesla-ның ресми сервис орталығы көрші елде жылдың соңы, келесі жылдың басында ашылатыны хабарланған. Ал Илон Маск компаниясы кәдімгі ірі автоконцерндер, мысалы, Volvo немесе Lexus сияқты жылына 500 мың Tesla құрастыруды жоспарлап отыр.

Бізде де әрине, Tesla-ныңресми сервис орталығы жоқ. Жалпы, еліміздегі Tesla саны қанша?  Және. Біз дүние жүзілік автонарықта ірі ойыншы болмасақ та, бензинсіз жүретін автокөлік шығаруға қашан назар аудармақпыз? Ондай ой бар ма, өзі? Өткен бағдарламада ғана Қытайдың электркарлар шығаруға шындап кіріскенін айттық. 

АҚШ-тағы «Тесла» компаниясы биылғы үшінші тоқсанның қортындысы бойынша 75 мың автокөлік шығарған. Құрама штаттарда 300-ден астам электромобильдер қуаттандыратын бекеттер жұмыс істеп тұр. Ал Қазақстандағы көлікті тіркеп-есептен шығару органдарының статистикасы бойынша елімізде 30-дай Тесла автокөлігі бар. Автомобиль нарығын бақылап отыратын тәуелсіз «Қазавтоөндірісі» одағының ақпаратынша, қазақстандықтар биылғы жылдың алты айында 1,5 млн. АҚШ долларына электромобильдер сатып алған. Бұл шамамен 19 автокөлік. 2016 жылмен салыстырғанда электр қуатымен жүретін автокөліктерге деген сұраныс артқан. Былтыр осы уақытта небәрі 9 электрокар саудаланыпты.

 «Қазавтоөндірісі» мекемесінің мәліметінше, 2017 жылдың басынан бері сатылған электромобильдердің саны мынадай:

1. Ең танымалы Tesla Model Х. Өткен жарты жылда 9 данасы сатылған. Бағасы- 85 мың мен 155 мың АҚШ доллары аралығында тұрады.

2. Одан кейін Tesla  Model  S. Жыл басынан бері 4 данасы сатылған. Құны 66 мың мен 109 мың АҚШ доллары аралығында бағаланған.

3. Еліміздегі ең арзан бағадағы электромобиль Renault Twizy. Оның бағасы 13 мың доллар тұрады. Өткен жарты жылдықта бұл көліктің  небәрі 1 данасы ғана сатылыпты.

Біздің нарықта мұндай машиналардың «люкстік», яғни  қымбат бағалысы да, «эконом» -қол жетімді арзандары да кездеседі. Электромобильдерді сатып алу жөнінен Алматы көшбасында. Оңтүстік астана тұрғындары жыл басынан бері осындай 10 көлік сатып алған. Одан тыс 8-і Астанада тіркеуге қойылған. Тағы біреуін Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны сатып алып кетіпті.

Электромобиль шығарушыларды Қазақстан үкіметі қолдауға әзір. Экологиялық тұрғыдан тиімді автокөлікті құрастырамын дегендерге мемлекет субсидия бөліп, салықтың барлық түрінен босататынын айтып келеді. Ал осы жылдың тамыз айына дейін сырттан импортталатын электрлі көлік иелері баж салығынан босатылған.  Отандық көлік құрастыру  зауыттары «KIA Soul EV», «JAC»,  «Lada Vesta EV» деп аталатын үш автокөлік түрін электрмен қуаттанатын мотормен жабдықтауға талпынып көрді. Өскемендегі «Азия Авто» мен Қостанайдағы «СарыарқаАвтоӨндірісі» кәсіпорындары осындай бірнеше көлікті конвейерден пилоттық жоба ретінде шығарған еді. Бірақ саудалау мен тұтынушыны қызықтыру өз деңгейінде емес әлі. Оның да түрлі себептері бар.

Юлия Кронгарт, Қазақстан автомобиль бизнес қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:

Былтыр «СарыарқаАвтоӨндірісі» компаниясы қытайлық «JAC» маркасының 13 автокөлігін құрастырып шығарған болатын. Жаппай өндіріске енгізбес бұрын біз өз еліміздің климаты, жолына төзімділігін тексеру үшін зерттеулер жүргізуді бастағанбыз. Сосын оның қорытындысын Қытай тарапымен талқыладық. Жақында бұл келіссөздер аяқталады. Жыл соңына қарай электромобиль өндірісін бастаймыз. Алғашқы 300 электромобиль келесі жылы сатылымға шығуы керек. 

Электромобиль біздің қоғам үшін әлі де экзотикалық құбылыс. Ол қолы ұзын, қалтасы қалың бай-бағландардың ермегі ғой, деген мінеу басым. Ал АҚШ, Батыс Еуропа елдері бұрынырақ, ал Қытай кейінірек бұл түсініктен арылған. Электромобильді орта таптың өкілдері де емін-еркін сатып алатын жағдайға жеткен. Ал оның өндірісін ынталандырып, барынша жеңілдіктер жасауды аталған елдердің үкіметтері жолға қойып жатыр. Шығысымыздағы көрші мемлекет қазір үнемді, яғни эконом кластағы электромобиль өндірісінен көш бастап отыр.

Тайыр Балбаев, автомобиль сарапшысы:

Электромобильдерді өндірушілер арзан бағаға саудалай алмай отыр. Көлікті қуаттандыратын электр энергиясы арзан болғанымен, көліктің аккумуляторлары өте қымбат тұрады. Бірақ әлемдік өнертапқыштар арзан электромобильдер ойлап табу үшін күш жұмсап жатқанынан хабарымыз бар. Жақында  «Смарт» көлігі сияқты құны 15 мың АҚШ долларынан аспайтын, қуаты  200-300 шақырымға жететін машина шықпақ.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Біздің елде электромобиль сатып алуды жоспарлағанмен, ең басты кедергі - инфрақұрылымның дамымауы. Алматыда бірнеше жыл бұрын мына көлік қуаттандыру орталығы іске қосылған болатын. Шаһарда мұндай 3 бекет бар. Кемшілігі электромобильді ұзақ уақыт қуаттандырады. Қымбат тұлпарыңызды осы жерге тіпті бір тәулікке қаңтарып кетуге де тура келеді. 

Электромобильдің қозғалтқышының салмағы шамамен 600 киллограмм тартады. Моторының құны көліктің жалпы бағасының 60 пайызына тең. Көлікті сапалы қуаттандыру үшін 380 вольттық қуат көзі бар ғимарат немесе өзге де мекемелерге жүгінген дұрыс. Максим Барышев екі жыл бұрын Тесла көлігін сатып алған. Ол көлікті қуаттандыру кезінде айтарлықтай проблема жоқ екенін айтады. Бірақ қымбат көлігімен ұзақ сапарға шығуға жүрексінеді. Негізінен баланы мектепке апарып, әкелуге немесе іскерлік кездесулерге баруға пайдаланады. 

Максим Барышев, электромобиль иесі:

Мына бекетте көлікке электр қуатын беру тегін. Себебі ол өзі қуатты күн сәулесінен алады. Негізі кейбір сауда орталықтарында да қуаттандыратын нүктелер бар. Ал осы бекетке бір рет кіріп шыққан соң, оның күшімен көлігім қала ішінде  бір апта жүреді.

Автомобиль сарапшысы Тайыр Балбаевтың пікірінше, мұндай станцияны қазір 500 АҚШ доларына сатып алып, көлікті үйден де қажетті энергиямен қуаттандыруға болады. Бірақ бұл да көлік иесі үшін көп уақытты талап етеді. Көлікті тез, әрі сапалы қуаттандыратын орталық биыл жазда Астана қаласында іске қосылған болатын. Алайда оған қажетті деңгейде сұраныс болмағандықтан, ол да өзін өзі ақтамай отыр, дейді мамандар.

Тайыр Балбаев, автомобиль сарапшысы:

Мәселе тек бекеттер салумен шешілмейді. Әдеттегідей жанармайды бакқа құйып алып, жүріп кетпейді мұнда. Электромобиль мүлдем басқа инфрақұрылымға зәру. Мұндай көліктерді қуаттандыру үшін тез дегеннің өзінде  30-40 минут күтуге тура келеді. Тиісінше, оның иесі де зерікпейтіндей болуы керек. Ол жерде кофе ішетін, тамақтанатын немесе уақытты тиімді өткізетіндей жағдайлар жасалуы керек. 

Электромобиль үшін Қазақстанда тағы бір шешілмеген мәселе – техникалық қызмет көрсету. Бұл тіпті 200-ден астам «Тесла» көлігі бар көрші Ресейде де түйіні тарқамған мәселе. Мұндай көліктің бір жері бұзылса, АҚШ-тан немесе Еуропадан мамандар шақырту үрдісі бар. Тіпті мәскеулік дәулеттілер электрокарды ең жақын орналасқан сервис орталығы Финляндия астанасы Хельсинкиге арнайы пойызбен, кейде Германияға  ұшақпен жеткізуге мәжбүр. 

Қанат Абаев, «Аллюр груп» компаниясының менеджері: 

Электрокарларды жөндеуге байланысты сұрақтар көп туындап жатады. Бірақ біздің кәсіпорын бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Қостанайда қосымша мамандар даярлау ісін қолға алды. Егер біз өндірген көліктердің сатылымы көп болса, сервис көрсететін мамандарға да мән беріледі. Негізі мұнда көп бұзылатын детальдар жоқ. Тек аккумуляторын 7-8 жылда бір рет ауыстыру қажет.

Тайыр қазақстандық тұңғыш электромобильдің құрастырушысы. Соңғы бес жылдан бері ол мына автокөлікті өндіріске енгізуге талпынып жүр. Осы күнге дейін 50 млн. теңге жұмсалған жоба қазір қаржылық қиындықтарға байланысты толықтай жүзеге аспай отыр. Өнертапқыш техникалық тұрғыдан кейбір кемшіліктерді дұрыстау үшін енді 15 мың АҚШ доллары қажет дейді. Ал жаһан жұрты баламалы энергия көздеріне көшіп, үнемшілдікке барынша бет бұрып жатыр. Дүниенің әр түкпірінде электр қуатымен жүретін көліктерге қызығушылық артып келеді. 2003 жылы құрастырылып, физик Никола Тесланың құрметіне «Тесла» аталған электромобильді құнына қарамастан сатып алу үрдісі дамыған елдерде жоғары. Сондықтан «Тесла» компаниясы да ірі автоконцерндер сияқты жыл сайын 500 мың электромобиль өндіруге қауқарлы екенін мәлімдеп үлгерді.  

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».