Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Алматының іргесіндегі Долан ауылында 62 үй құжатсыз отыр

AstanaTV
30.10.2020ж. 20:00
3209
Алматының іргесіндегі Долан ауылында 62 үй құжатсыз отыр

Алматының іргесінде жұмбақ ауыл бар. Мұнда, 62 үй - табиғатта бар екенін дәлелдей алмай жүр. Жер сатып алынған, үйлер салынған, бірақ құжат жоқ. Тұрғындар проблеманы көтеріп, Райымбек ауылдық округіне де Қарасай ауданы әкімдігіне бірнеше рет барған. Алайда, үйлер аудандық бас жоспарға сол беті кірмепті. Осының салдарынан ауылдағы ағайынның қарапайым мемлекеттік қызметтерге қол жетпей жүр. Аты бар, заты жоқ ауылды Аршын Кемелжан өз көзімен көріп қайтты.

Өмірде бар, бірақ құжатта жоқ 62 үй бүгін әкімдік өкілімен кездесті. Шенеуніктер мұнда күнде келе бермейді. Сондықтан тұрғындар айтарын айтып қалмақ. Басты проблема - аудандық бас жоспарға симай қалған 62 үй жыры. Бұл үйлердің аспаннан түспегені анық. Жер телімін қып-қызыл ақшаға сатып алып, өз қолдарымен тұрғызған. Алдыңғыларына 10 жыл болды.

Салтанат ЕСІМБЕКОВА, ТҰРҒЫН:


Ауыл болып әкімдердің алдына бардық. Одан кейін архитектураға бардық. Анаған бардық, мынаған бардық ең соңында біз биыл жаздың күні картада жоқ екенімізді көрдік. ЦОН қағаз беріп жатқан кезде олар не жайында ойлады.


Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:


Қордаланған мәселелердің бірі – ауыз суы. Бұл ауылда ешқандай су құбыры тартылмаған. Сатып алып ішіп отыр. Бір текше метрі 1500-2000 теңгені құрайды. Сонымен қатар, бұл судың сапасы ішуге лайықсыз, депті мамандар.

Ауыз судан бөлек қордаланып қалған өзге де мәселе көп. Өзектінің бірі интернет. Карантин кезінде ол балаларға ауыр болған. Бір сөзбен айтқанда, бұл ауыл өркениеттен жұрдай.

Орал ҚАУЫМБАЕВА, ТҰРҒЫН:


Біз үкіметтен ештеңе сұраған жоқпыз. Шамамыз келгенше жер алып, үй соғып отырған адамбыз. Су, жол деген біздің әліміз келмейтін нәрсе. Біз әкімнің бәріне бардық, Елжастың алдына екі-үш рет бардық осындағы қариялармен. Бір нәрсе шешілген жоқ. Осында келіп, қай ауылда тұрасыңдар, деп көрген жоқ, естіген жоқ.


Ауыз су келеді, бірақ екі жылдан кейін. Бұл, ауылдық округ әкімінің орынбасары Айдын Баекеевтің сөзі. Ал, ғаламтор мен жолға келгенде басшылықтың жауабы мынау.

Айдын БАЕКЕЕВ, РАЙЫМБЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әкімдік тарапынан шаруа қожалықтарына жол мәселелері қарастырылмаған. Елді мекенге кірген жерлерді кезең-кезеңмен жоспар бойынша жасалынады.

Негізі бұл жер шаруа қожалығы ретінде тіркелген көрінеді. Яғни, салынған үйлер ауыл санатына жатпағандықтан мұнда жақын арада жол түспейді, су да тартылмайды. "Алдымен үйді заңдастыруымыз керек", деді әкім орынбасары.

Айдын БАЕКЕЕВ, РАЙЫМБЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Үйді заңдастыру үшін жаңа архитектор маманмен сөйлестім, шаруа қожалығы болған кезде "Фермерский дом", деп үйді заңдастыруға болады. Бұл аймақ елді мекенге кіру үшін бас жоспарға өзгерістер енгізіп, бас жоспарға енгізу керек. Содан кейін Мәслихат шешімімен кіреді.


Ал, Мәслихат депутаттары ол құжатты қашан қарайды? Бұл сұрақ жұмбақ ауылда, әзірге жұмбақ күйінде қала бермек.

А. Кемелжан