Тағдыр тауқыметіне тап болған Тобыл өңіріндегі әйелдер далада қалуы мүмкін. Өйткені екі айдан кейін тұрмыстық зәбір көрген жандар үшін ашылған орталық, жұмысын тоқтатады. Яғни жобаның уақыты бітеді. Қорғансыздың күнін кешкендер қайда барады? Оларды кім қорғайды? Сан сауалдың жауабын аймақтағы әріптесім Заңғар Санай іздеді.
Мына жас келіншек күйеуінен зәбір көрген. Қорлық өз алдына, 6 айлық баламмен апта бұрын үйден қуып шықты деді. Барар жері болмаған соң, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, көмек сұрапты.
Сабира БҰЙРАТАЕВА:
Кішкентай баламмен далада қалдым. Басқа барар жерім болмаған соң жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгіндім. Олар маған көмек көрсетіп, осында орналастырды.
Қазір орталықта Сабира сияқты тағдыр тауқыметін тартқан жиырма адам бар. Жас ерекшеліктері де әртүрлі.
Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:
Маусым айынан бастап орталыққа 26 адам жүгінген. Олардың арасында ұл-қызымен ұрысып, ұясынан безген қарт аналар да бар.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындау жеке қорға жүктелген. Жобаны жүзеге асыруға жергілікті және республикалық қазынадан 11 миллион теңге бөлініпті. Тұрмыстық зомбылық көрген жандар дағдарыс орталығын 6 айға дейін паналайды. Сол арақылықта түрлі көмек көрсетіліп, екі қолға бір күрек те табуы керек.
Меруерт СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ СЕКТЕОР МЕҢГЕРУШІСІ:
Әлеуметтік педагогикалық қызметтер көрсетіледі. Әлеуметтік психологиялық және әлеуметтік мәдени қызметтері және де экономикалық, медициналық қызмет ала алады осы орталықта.
Орталыққа келген 10 келіншектің үшеуі ғана күйеуімен тіл табысып, үйіне кері қайтқан. Қалғаны әзірге осында. Олардың арасында көп балалы аналар да бар. Жеке қор қол ұшын созып, бірнеше адамды жұмысқа орналастырған. Балаларын бала-бақшаға берген.
Ольга РААБЕ , ПСИХОЛОГ:
Жоба аса қажет, қазіргі қоғам үшін. Енді осының мерзімін кем дегенде 3 жылға дейін ұзартса деген өтінішіміз бар. Өйткені кейбір әйелдер екі апта бұрын ғана бізге келді. Екі айдың ішінде олар бейімделіп, дағдарыстан шығуы қиын болады. Сондықтан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мерзімін ұзартуды сұраймыз.
Жобаның уақыты 6 ай ғана. Маусымда ашылған орталық жыл соңында жұмысын аяқтайды. Жұбайының жұдырығынан қашқан әйел мен бала желтоқсанда тағы далада қалуы бек мүмкін.
З.Санай