Қызылордадағы Қызылжарма елді-мекенінің тұрғындары жол мен жарықтың азабынан қашан құтылады? Бұқараның базынасын жергілікті шенеуніктерге бүгін төтесінен қойдық. Әкім орынбасарларынан бастап, баспасөз хатшысына дейін байланысу біз үшін қиынға соқты. 10 жылдан бері мәселені шешетін бірде-бір шенеунік табылар емес. Халықтың жанайқайын тындаған аймақтағы әріптесім тақырыпты тарқатады.
Қалаға 7 жылдан бері әкім болып отырған Нұрлыбек Нәлібаевтің құр уәдесіне тойдық дейді халық. Айтуларынша, мәселелерін айтып әкімдіктің табалдырығын талай тоздырған. Бірақ нәтиже жоқ. Қоныстанғалы 10 жыл өтсе де, жолдың азабынан құтқаратын жан табылмағанына қынжылады. Әсіресе жаңбырда жаяу жүргінші тұрмақ, көліктің жүруі мұңға айналғалы қашан.
Зибагүл АЙТБАЙҚЫЗЫ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Батпақ, екі аяқ киім қыста. Мына кісі галошын тастап кетсе, кешке келгенде ол галош жоқ. Құдай білсін кім алып кететінін, белгісіз. Скорый шақырсақ, алда-жалда батып қалса, бітті ел болып сол скорыйды итереміз, осы ауыл болып.
Облыс орталығының іргесінде тұрса да, Қызылжарма инфрақұрылымнан кенде қалған елді-мекен. Электр сымдарын тұрғындар өз күштерімен тартқан. Бағана алуға қалтасы көтермегендері, жоғары вольтты сымдарды бақанға іліп қойған. Бұл - ойын балаларының өміріне қауіп тудыратынын жақсы түсінеді, бірақ басқа амалымыз жоқ дейді. Ал, ілдебайланған жарықтың жарығы білте шаммен шамалас деп отыр.
Дараша ӘЛИЗАҚОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Сымды 210 мың теңгеге тартып алғанмын кезінде. Үш үйге бердім, тағы екі үйге беріп едім аяғында өзімнің светім кешкісін ине түгілі телевизор көре алмаймыз. Екі холодильник, екі телевизор жанып кетті. Қайтадан кредитке алдық.
Мәселелер жыл сайын қордаланып жатқан қызылжармалықтар, жергілікті атқамінерлердің есігін жағалаудан да жалықпаған. Жауаптыларда уәде беруден танбапты. Тұрғындардың базынасын тікелей эфирде көтеріп, жергілікті атқамінерлерге бізде хабарласқан-ек. Жауаптылар жауап таппады ма телефон тұтқасын көтермей қойған болатын.
Эфирге шығара алмаған жергілікті басшыларды жұмыс орындарына іздеп бардық. Құрылыс бөлімінің басшысы, бұқара 10 жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселенің құжаттарын енді ғана дайындап жатқандарын айтты.
Пахуатдин ШАМҰРАТОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Сол мөлтек ауданды толық тас жол, қиыршық таспен қамтамыз ету үшін 1 млрд 200 млн. теңге қаржы қажет. Бұл аталған жоба-сметалық құжаттарын қазір біз бюджеттік өтінім әзірлеп, облыстық, республикалық бюджеттік тапсырыс беріп жатырмыз. Электр желілерін тартуға байланысты бір қазір қала әкімдігі тарапынан жоба-сметалық құжаттарын рәсімдеп жатырмыз.
Жалпы Қызылорданың іргесінде жатқан Қызылжармадан бөлек, Бәйтерек, Наурыз, Сабалақ сынды елді-мекен тұрғындары да батпақтан көз ашпай келеді. Ал, олардың мәселесі қашан, қалай шешілетінін ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан болар 7 жылда қаланың жолдарын жөнге келтіре алмаған әкімге тұрғындардың айтар уәжі көп.
М.Тоқтасынқызы