Көлігіне 3 мың литрға жуық, арақ пен 200 литр спиртті тиеп алған қостанайлық ұсталды. Ол алкоголь өнімін заңсыз тасымалдап сатпақ болғаны үшін енді 2 миллион теңгеден астам айыппұл төлейді. Аймақтағы экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері оны қолға түсірді. Ішімдікті 5 литрлік 554 бөтелкеге құйған көрінеді.
Көркем БЕКТАСОВА, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР БОЙЫНША ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
Тергеу барысында Қостанай қаласының тұрғыны алкоголь өнімін заңсыз сатып алып, лицензиясыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны анықталды. Сот үкімімен аталмыш азамат ҚР ҚК 214 бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тағайындалды.
Еске салайық, шілде айында Арқалық қаласында уытты спирттің салдарынан 11 адам көз жұмған еді. Қаза болғандардың 5 литрлік пластикалық бөтелкелерге құйылған алкоголь өнімінен уланғаны тексеріс кезінде белгілі болды. Қала тұрғыны көлікпен жүріп сатпақ болған ішімдіктің қауіпті өнімге қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз.
З. Санай