Қарағандыда
көпқабатты үйлердің 100-ден астам тұрғыны электр қуаты тарифін арзандатуды
сұрап отыр. Орталық жылу қазандығына да, газ құбырларына да қосылмаған үйлердің
халқы пәтерлерін электр қондырғысымен жылытады. Қуатты шамадан тыс
пайдаланғандықтан, оған төленетін ақша да қомақты. Жұрт дағдарыс кезінде мұның
қалтаға едәуір салмақ салатынын айтады.
Людмила
Макарова 3 бөлмелі пәтерін қыс бойы мынадай электр құрылғысымен жылытып
келді.Айына 25 мың теңге төлейді. Жетім қалған немересін асырап отырған жалғыз
басты әйел тапқан-таянғанын коммуналдық қызметке берем деп жүріп дұрыс
тамақтанудан қалған.
Людмила
Макарова:
Бүкіл
қыс бойы көрген күніміз осы. Айына 25-26 мың теңге коммуналдық қызметке
төлейміз. Немереме 21 мың теңге жәрдемақы, өзім 30 мың жалақы алам.
90
жылдары бұл үйлердің жеке қазандығы болған. Алайда, бұрынғы кірпіш зауыты тарап
кеткесін, жылыту жүйесі жойылған,-дейді қариялар. Пәтерлерді жылдар бойы элекрт
құрылғылармен жылыту үйдің сапасына да кері әсерін тигізіпті. Ғимаратқа жылу
жетіспегеннен үй құздана бастаған.
Ирина
Пустовалова:
Терезелердің
жақтауы, қабырға шіріп барады. Қайта-қайта сылағанмен, қарайып шыға
келеді. Балалар аллергиямен жиі ауыратын болды. Қанша айтқанмен, жылытқыш қой,
үйді жылытуға күші жетпейді.
Осевая
көшесіндегі 3 мыңдай адамның ахуалы осы. Жергілікті билік өкілдері үйлерді
орталық жылыту жүйесіне қосу экономикалық жағынан тиімсіз екенін кесіп айтқан.
Ал жарық құны аспандап барады. Осы маңдағы 10 шақты көпқабатты үйдегі әр пәтер
иесі айына орта есеппен 1000- 2000 киловатт аралығында электр қуатын жұмсайды.
Сәйкесінше төлейтін ақысы да қымбат.
Олег
Горницкий:
Біз
басқа тұрғындардан 2 жарым есе көп төлейміз. Алғашқы 100 киловатт 9 теңгеге,
одан асса 12 теңгеге жуықтайды. Ал, 160 киловаттан асырсақ 1 киловаттқа 15
теңге төлеуіміз керек. Орта есеппен, айына 1000 киловатт тұтынамыз, сонда
қаншалықты қымбатқа түсетінін есептей беріңіздер.
Мәселе
азаматтық кеңес отырысында да талқыланды. Оған жергілікті монополистермен бірге
әкімдіктегілер де шақырылды. Алайда, «Қарағанды Жарық» компаниясының өкілі
тарифті өзгертуге үзілді кесілді қарсы шықты.
Валерий
Голубь, Қарағанды қаласы «Қарағанды жарық» ЖШС Қазыбек Би аудандық бөлімшесінің
бастығы:
Егер
тарифті төмендетсек, адамдар электр қуатын тіпті көп пайдаланатын болады.
Мысалы, бұрын бөлмені 18 градусқа дейін жылытса, енді 25 градусқа көтергісі
келуі мүмкін. Бірақ,ондай күшті сымдар көтере алмайды. Жанып кетеді, үйлерде
өрт шығуы мүмкін.
Асхат
Садырбай, ҚР ТМР және бәсекелестікті қорғау
комитеті Қарағанды облыстық филиалының төрағасы:
Тарифтерді
дифференциялау туралы сұрақ - өте стратегиялық сұрақ. Бұл Қазақстан аймағында
шешілуі тиіс. Тек қана біздің Қарағанды облысының аймағында ғана емес, бөлініп
төленетін тарифтердің бәрі бұл үлкен методикаға байланысты. Бұл методикаға
қазіргі уақытта ешқандай өзгерістер енгізіліп жатқан жоқ.
Осылайша,
Қарағандыда тариф мәселесі күрделі күйінде қалып тұр. Халық үміт күткен
жергілікті әкімдік пен тұрғын үй коммуналдық шаруашылық өкілдері отырысқа
келмей қалды.
Айжан
Қуаш, тілші:
Тұрғындар
бұл мәселені соңғы 20 жыл бойы көтергенімен, әлі күнге дейін құзыретті
орындардың назарына ілінбеген. Биліктегілер бұл үйлерді бірде бір бағдарламаға
енгізбепті.
Айжан ҚУАШ