Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Жол құрылысы Оралдағы Басқақ тоғайына қауіп төндірді

AstanaTV
12.11.2020ж. 20:00
3470
Жол құрылысы Оралдағы Басқақ тоғайына қауіп төндірді

Оралдықтар қала іргесіндегі Басқақ тоғайға балта кезенген жергілікті әкімдіктің бастамасына қарсы.  Олар шағын орманды, құрылыс алаңына айналдыруға жол бермейміз деп отыр. Ал қала билігі ну жынысты қақ жарып, ортасынан жол салуды жобалап қойған. Әкімдік шаһардағы көлік кептелісін осылай азайтпақшы. Тілшіміз толықтырады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Тұрғындар тоғайда құрылыс жұмысын бастауға үзілді-кесілді қарсы. Олардың сөзінше, қала іргесіндегі бұл жердің ауасы таза. Жазда балық аулап, күзде саңырауқұлақ тереміз дейді.

Билік пен бұқараны қақ жарған Басқақ тоғайының қазіргі көрінісі осындай. Аумағы 7 мың гектарға жуықтайтын орманның ортасынан әкімдік айналма жол салмақшы. Ал, бұқара бұған наразы. Өйткені орман оталса, мұндағы сирек кездесетін аң-құстар ғана емес, өсімдіктер де мүлдем жойылып кетуі мүмкін, дейді.

Владимир ЩУКИН, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осыдан он шақты жыл бұрын мұнда елік пен бұлан өріп жүретін. Қазір ара-тұра қоянды ғана көріп қаламыз. Көктемде, карантин кезінде осы тоғайда серуендеп, жанымыз қалды. Енді бұл жердегі ағашты тып-типыл етіп, жол салмақшы, үй салмақшы.

Нұрлан МҰХАМБЕТОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жергілікті билік халықтың пікірімен санасуы керек. Табиғатқа тиісуге болмайды. Мұнда таза ауа. Мен өте қарсымын.

Қала билігі болса, орманды қақ жарып, айналма жол салуды жоспарлап отырғандарын растады. Мақсат орталықтағы көлік кептелісін азайт екен. Тіпті тұрғындар тынығатын демалыс орындарын салуды да ойластырған. Бірақ тоғай маңына тұрғын үйлер салына ма деген сұраққа, кібіртіктеп, жауап бере алмады.

Асхат КҮЛБАЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жағалау көркейтіліп, демалыс орындары салынады. Ал тұрғын үй құрылысы туралы әзірге ештеме айта алмаймыз. Қазіргі мәселе - Басқақ тоғайды орман қорынан алып, қала меншігіне аудару. Өйткені бұл аумақ орман қорына қарасты болса, ешқандай жұмыс жүргізілмейді.


Экологтар мен зоологтарда шенеуніктердің бұл шешімімен келіспейді. Өйткені орман қорынан шығарылса, "Басқақ" ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететініне сенімді. Осылайша тоғайды құртып тынады дейді. Табиғат жанашырлары орман түгілі қаладағы орталық саябақтың инвентаризациялық құжаты жоқ екенін айтты. Сондықтан құрылыс бастамас бұрын Басқақ тоғайдағы жасыл желекті түгендеп, есебін алу керек деп отыр.

Дархан САРИЕВ, БҚО ЭКОЛОГИЯЛЫҚ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мемлекеттік органдар жасыл желектің құжаттарын түземейінше, Басқақ тоғайды игеруге болмайды. Бұл істі кемінде бес жылға шегере тұру керек. Оған дейін тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі 2 биолог пен 1 картографты жұмысқа қабылдап, ормандағы ағаштың санын шығаруы керек. Әйтпесе табиғатты игеру ісі сәтсіз аяқталады.

Александр ПАРФЕНОВ, ЗООЛОГ:

Кез-келген құрылыстың қоршаған ортаға тигізер кесірі орасан. Мысалы, "Қызыл кітапқа" енген құндыз бен суыр адаммен бір аумақта өмір сүре алмайды. Бір кездегі осы тоғайдағы елік пен қабан сияқты жоғалып кетеді. Қазір өзенде еркін жүзген аққулардан да айрылып қаламыз.

Мамандар сөзінше, кез-келген құрылыс әуелі мемлекеттік сараптамадан өтіп, кейін қоғамның талқысына ұсынылады. Халықтың қарсылығына тап болған әкімдік ақыры қоғамдық тыңдауды келер жылдың қаңтар-ақпан айларына қалдырды.

Е. Карин