Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Павлодарда, блок-бекеттен өте алмаған жігіт шу шығарды

AstanaTV
13.11.2020ж. 20:00
2027
Павлодарда, блок-бекеттен өте алмаған жігіт шу шығарды

Павлодарда карантиндік режимнің күшейгені сол еді әлеуметтік желіде шу шыға бастады. Пайдаланушылардың бірі, "Блок-бекет бізді 8 сағат ұстады", деп видео жүктеген. Мұны ел іліп алып, жан-жақты талқылай бастады. "Әкімдік қайда қарап отыр?", деген "дәстүрлі" пікірлер де жазылды. Сонымен Ертіс өңірінде көлік жүргізушілері бекетте 8 сағаттан тұр ма? Өзгеріс Қуанар анықтап көрді.

Әлеуметтік желіде "трендке" айналған видео авторы, блок бекеттерді бүгін осылай сынады. Павлодар екені анық көрініп тұр. Ғаламторда түрлі ақпарат тарады. Топ-топқа бөлінген пайдаланушылар, авторды аяды. Жергілікті билікті, жерден алып жерге салды. Ақ-қарасын полиция ажыратып берді. Сөйтсек, смартфон ұстаған жігіт, жақында ғана жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырылған көрінеді.

Жанна БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:


Блок-бекетті заңсыз кесіп өтпек болған көлік жүргізушісі мен 2 жолаушығы қатысты әкімшілік іс қозғалып, облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментіне жіберілді. Жүргізуші көлікті құжатсыз басқарғаны анықталды.


Артынан "батыр баланың" жаңа видеосы пайда болды. Ол, жалған ақпарат таратқаны үшін өкініп, елден кешірім сұрады. "Ойыннан от шығады", деген. Жігіттің көлігі айып тұрағынан бірақ шықты. Өзі істі болды.

Қалай болғанымен блок-бекеттерге көңілі толмайтын ел көп. Өйткені, "қызыл" аймаққа кіргелі бері Павлодардың кіре беріс қақпаларында "қара құлып" тұр. Тек рұқсат қағазы барлар ғана өте алады. Ресми деректерге қарағанда, облыс бойынша жиыны 12 бекет қойылған. Кейінгі карантин басталғалы бері, олардан 3 мың көлік өте алмай, үйіне кері қайтыпты.

Ө. Қуанар