Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Павлодар облысында 4 айдан бері жалақысын ала алмаған жұмысшылар аштық жариялады

AstanaTV
17.11.2020ж. 20:00
2578
Павлодар облысында 4 айдан бері жалақысын ала алмаған жұмысшылар аштық жариялады

Павлодар облысында төрт айлық жалақыларын даулап жүрген жұмысшылар, бүгін аштық жариялауды бастады. Шамамен 40-тас астам жұмысшы Майқайың кентінің әкімдігі алдына келіп жайғасты. Олар мердігерден жергілікті атқамінерлер маңдай терімізді алып берсін деп талап қойды. Өйткені үйде ішерге ас, киерге киім қалмады деп отыр. Аймақтағы әріптесім мәселеге үңіліп көрді.   

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

4 айдан бері еңбекақыларын ала алмаған жұмысшылар аштық жариялады. Егер жалақыларын алмаса, бүгін әкімдікке қонуға бел байлап отыр.


Ішерге асымыз қалмады деген 40-тан астам жұмысшы амалсыздан осындай қадамға барғандарын айтады. Күте, күте шыдам таусылғанын жеткізді.  

Данияр ОМАРОВ, ЖҰМЫСШЫ:

Халыққа жылуды бердік. Жылуды бергеннен кейін ақшамыз ала алмай жүргенімізге міне 4 ай болды. Гарант болған әкімдеріміз мердігерге сілтейді. Мердігеріміз әкімдерге сілтейді. Екі ортада біз ақшамызды ала алмай жүрміз.


Бұл жұмысшылар жаз бойы Майқайың кентіне жылу құбырын тартқан. Жұмыс беруші қарағандылық компания алғашқы айда аванс беріп артынша бір тиында төлемепті. Ал жалақыны алып беруге аудан әкімі уәде беріпті. Еңбекақысын даулағандардың ішінде кәмелет жасына толмағандар да бар.

Бауыржан ҚАБДОЛОВ, ЖҰМЫСШЫ:

Жұмысқа шығыңдар. Сендерге уақытында төлейміз. Күнде ертең, ертең - деп жүрді. Соларға сеніп жұмыс істеп жүрдік. Студенттерден 30 шақты бала шығады бізден. Көбісінде 18 жас жоқ, 16-17.

Ерсін ШАБАЛОВ, ЖҰМЫСШЫ:

Үйде аш отырғанша, акиматтың қасында отырып, аш отырайық. Көрсін. Ішетін тамағымыз, жылынатын төсек орнымызда жылы емес. Көміріміз жоқ. Үй азынап тұр.

Кентте жылу құбырын ауыстыру жұмыстары кеш басталған. Соған қарамастан, жылуды уақытылы беру үшін еңбек еттік деді.  Бұны ауыл тұрғындары да растап отыр.

Любовь ВОЕВОДИНА, МАЙҚАЙЫҢ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:


Олар күні-түні жұмыс істеді. Соның арқасында жылу уақытылы берілді. Қазір үйіміз жылы. Егер осы жігіттер жұмысты жарты жолдан тастап кеткенде, қазір жылусыз отырар едік. Сондықтан, жігіттердің еңбекақысын беруді талап етемін.

Ал жұмысшыларға уәде берген аудан әкімі, мердігерді таба алмай жатқанын айтып, ақталды.

Қанат КӘРІМОВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Мердігер келмей тұр ғой. Келіңіздер, істеген жұмыстарыңызды көрсетіңіздер. Содан кейін қаражатын төлеп берейік. Заңды түрде бәрін есептейік. Міне, 1 ай болды. Күнде күнде телефонмен сөйлесем. Әне, келем. Міне, келем деп. Әне келем, міне келем деп жүр.

Мердігер компания өкілімен, бізге тілдесудің сәті түсті. Ол жұмысшыларға төленетін қаражатты участок бастығы алғанын, бірақ қашып жүргенін айтты.

Хасан АРСЕЛЬГОВ, МЕРДІГЕР:

Қазір участок бастығына іздеу жариялап жатырмыз.  Әзірге таппадық. Ол Майқайыңдағы жұмысшылармен келіскен. Бірақ, ешқайсымен келісім-шарт жасаспаған. Сол себептен, өзімізде қазір қарызға батып отырмыз. Сондықтан, нақты ештеңе айта алмаймын. Участок бастығын сотқа бердім. Сот алдымен оны тауып алсын, сосын көреміз.

Осылай деген мердігер мен әкімдік, жауапкершілікті мойындарына алмады. Соған қарағанда  жалақы дауы жақынарада шешіле қоймайтын секілді. Ал жұмысшылар әкімдікте жата-жастанып, айлықтарын күтуге бел шешкен.  

Ө. Қуанар