Карантин борышкерлер қатарын көбейтті. Тобыл өңірінде пандемия тұсында нәпақа төлей алмағандар саны артқан. Аймақ тұрғындарының алименттік берешегі 100 миллион теңгеге жуықтады. Жеке сот орындаушылар шектеу шараларына байланысты рейдтік жұмыстар жүргізе алмай отыр. Қордаланған қарыздан қостанайлықтар қалай құтылмақ? Сан сауалға Заңғар Санай жауап іздеп көрді.
Ажырасқан күйеуінен алимент ала алмай жүргендердің бірі Жанар Сегізбаева. Жұмыссыз болғандықтан 4 баланы асырау қиын екенін айтады. Ал балалардың әкесі нәпақа төлеуден жалтарып жүр деді. Оның 3 жылдан бергі берешегі 3 миллион теңгеге жетіпті.
Жанар СЕГІЗБАЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
Сот оның пәтер үлесі есебінен қарызды өндіру туралы шешім шығарды. Алайда оның туыстары аппеляциялық шағым түсіріп жатқан көрінеді.
Жеке сот орындаушылар келтірген деректерге жүгінсек, 16 мыңнан астам аймақ тұрғыны алимент төлейді. Соның төрт жүзден астамы қарызы қалың қара тізімде. Олардың берешегі 200 мыңнан 5 миллион теңге аралығында. Данияр Жетпісбаевтың алимент төлемегеніне де 3 жыл болған. Екі қолға бір күрек табылмаған соң балаларына қаржылай қарайласа алмапты. Қазір оның қарызы 2 миллион теңгенің үстінде.
БОРЫШКЕР:
Дұрыс жұмыс болмады. Сосын біз ұрысып қаламыз. Қырсығып төлеген жоқпын.Ал былай жұмыс толып жатыр ғой бейресми. Соны істеп жатырмыз ақырындап.
Алимент төлемейтіндердің дені жұмыссыз. Пандемия тұсында борышкерлер қатары тіпті арта түскен. Ал карантин «жығылғанға жұдырық» болды. Көбісі жұмысынан айрылып, бала түгілі бас қайғыға түскен.
Несібелі БӘСЕНОВА, ӨҢІРЛІК ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫ ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Үлкен –үлкен аудандарда борышкерлер саны азамай жатыр. Оның себептері мүмкін мына карантин кезінде жұмыстан айрылып қалған адамдар бар. У-шу айқаймен ажырасып кеткен адамдар бар. Ажырасудың да саны азайып жатқан жоқ.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Жеке сот орындаушылар алиментті өндірумен қатар, ажырасқан ерлі-зайыптыны татуластыруға талпынады. Жыл басынан бері 40 жұптың қайта қосылуына ықпал еткен.
Өңірлік палата қазан айының бел ортасында рейдтік шара бастаған көрінеді. Борышкерлердің дүние-мүлкін тәркілеп, талай талапкердің талабы орындалған. Миллиондаған қарыз өндірілген. Алайда аймақта карантин күшейтіліп ауқымды іс аяқсыз қалды.
З. Санай