Тобыл өңірінде кәріздік шұңқырға құлап, тірідей көміліп қалған жасөспірім ісінде айыптылар анықталды. Арнайы жүргізілген сараптама Алтынбек Төлегеннің ауыр дене жарақат алғанын көрсеткен.
Мұхтар ЖАЙЛАУБЕКОВ, ҚОСТАНАЙ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Мойыны және басынан дене жарақатын алғаны анықталды. Қазір қосымша қылмыстық кодекстің 104 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Яғни абайсыздықтан кісі өлтіру. Еңбекті қорғау инспекциясымен сараптама жүргізу барысында жеке кәсіпкер Лесовойдың кінәсі толық дәлелденіп тұр.
Еске салайық. Жазатайым оқиға қыркүйек айының соңында, "Алтын дала" ауылында болған. 17 жасар колледж студенті су құбырына арналған шұңқырға құлап кетіп мерт болды. Марқұмның туыстарының айтуынша, бозбаланы экскаватор күрегі абайсызда шұңқырға қағып құлатқан. Бұл күдікті ресми сараптама растап отыр. Енді, еңбек қауіпсіздігін ескермеген жеке кәсіпкер және экскаватор жүргізушісі жауапқа тартылуы тиіс.
З. Санай