Шымкентте бөлме ішінде газ жиналуы салдарынан жарылыс болып, бір адам жарақат алды. 37 жастағы азамат қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оның денесінің 65 пайызын күйік шалды. Айта кетейік, бұл қараша айындағы тіркелген осымен үшінші жағдай.
Оқыс жағдай сенбі күні Қайнарбұлақ шағын ауданында болған. Мұнда табиғи газ тартылмаған. Мамандардың дерегінше, үй иесі баспанасын жылытып, ас әзірлеу үшін сығымдалған газды жер астына көміп қойған арнайы 3 тонналық ыдысқа толтырып алып жүрген. Бұл тәсілді отбасы мамандарға қазан айынан бастап қолданып отырғанын айтқан. Сығымдалған газ аула сыртында отыз метрдей қашыққа көмілген екен. Отын құбыр арқылы жазғы асханаға тартылыпты. Ал лап еткен жалыннан бөлмеге кірген ер адамның беті, қолы және денесі күйіп қалған. Ол бөлмеге кіріп, электр жарығын жаққан кезде жарылыс болған.
Нұрболат ДЕРБІСОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Былайша айтқан кезде ешқандай техника қауіпсіздігін сақтамай, өз бетінше орналастырған боп тұр ғой. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша ішкі істер департаментінің анықтау қызметкерлері тиісті жұмыстарын жасап жатыр, анықтайды. Кімнің кесірінен , қалай болғандығын анықтайды.
М. Тоқтасынқызы