Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Nur Otan алдағы Мәжіліс сайлауына түсетін кандидаттардың тізімін бекітті

AstanaTV
25.11.2020ж. 20:00
1899
Nur Otan алдағы Мәжіліс сайлауына түсетін кандидаттардың тізімін бекітті

Nur Otan алдағы Мәжіліс сайлауына түсетін кандидаттардың партиялық тізімін бекітті. Тізімнің үштен бір бөлігі әйелдерден тұрады. Кандидаттардың орташа жасы алдыңғы партиялық тізімге қарағанда жасарған. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XX Съезінде белгілі болды. Съезде бұдан бөлек елдің 2025 жылға дейінгі даму жоспары бекітілді. 200-ден астам жоба партияның сайлау алды бағдарламасына енгізілген. Съезде сөз болған сәтті жаңашылдықтар жайлы келесі материалда.

Партияның XX Съезінде партиялық тізіммен Мәжіліс депутаттығына кандидаттар бекітілді. 126 кандидат жүзден жүйрік атанып, сайлауда бақ сынайды. Олардың ішінде 77 кандидат партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша анықталды. Жалпы тізімде Үкімет басшысы Асқар Мамин, Президенттің әкімшілігің басшысы Ерлан Қошанов, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Тұңғыш президент қорының директоры Дариға Назарбаева да бар. Елбасы жетекші партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, бекітілген азаматтарға сенім артты.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Nur Otan партиясы еліміздегі басты саяси күшке айналып отырғанын көріп отырмыз. Осы жылдардың ішінде партия ішкі тұрақтылықтың тірегі болып, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай жұмыс істеді. Мұның бәрі партия ел болашағына сенімі берік азаматтарды біріктірудің ғана арқасында болды.

Нұрсұлтан Назарбаев пандемия кезіндегі Үкімет еңбегін оң бағалады. Эпидемия басталғалы 2 миллион қазақстандыққа 33 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілген. Қиын қыстау заматта мұндай қадамдар елдің бірлігін нығайтуға сеп болғанын жеткізді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазір мемлекеттің рөлі артып келеді, біз оны көруіміз керек. Біздің Үкімет осы кезеңде барынша жұмыс істеді. Қиындықтарға қарамастан, ол тиімді жұмыс істеді. Ұсынылған бағдарламалары мен тапсырмалары нақты. Біз оларды орындауымыз керек.

2025 жылға дейін 3,5 мыңнан астам ауыл жаңартылады. Енді елді мекендегі тұрмыс сапасы жаңа стандарттарға сай өзгермек.  Жиында елдің алдағы 5 жылға жоспары белгіленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина, білім саласымен халықтың әлеуетін көтеруге қазынадан 21 триллион теңге де қарастырылғанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік ахуалға қарамай, Қазақстан даму жолын жалғастыра беретінін қадап айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өңірлік медицинаны дамыту үшін еліміздің барлық облысында 20 заманауи медициналық орталық саламыз. Аудандық ауруханалар мен перзентханаларды, ауылдық емдеу мекемелерін барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етеміз. 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы 2,5 есе өсетін болады.

Жастарға да жағымды жаңалық көп. Студенттердің шәкіртақысын 2,5 есеге арттыру жоспарланып отыр. Ал келер жылдан бастап түлектерге бөлінетін грант саны кезең-кезеңімен артып отырады.Тек ол емес, Президент алдағы 5 жылда білім беру жүйесі «Назарбаев Университетінен» кем түспейтін тағы екі ЖОО-ның құрылысы бой көтеретінін атап өтті. Сондай-ақ, мемлекет жыл сайын инфляция деңгейіне зейнетақы мен жәрдемақы көтеруге уәде береді. Бұған жыл сайын қазынадан 3 триллион теңге жұмсалады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индекстеу үшін 3 трлн теңгеден астам қаражат бөлінеді. Ортақ зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстелентін болады.


2025 жылға жоспарланған бағдарламада негізгі 4 бағытқа басымдық берілген. Президент енді мұқтаж жандарды әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі шаралар күшейтілетінін айтты.  Тұтастай алғанда, мемлекет әлеуметтік саланы қолдауды жалғастырады.  

Ғ.Өтемісов