$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қостанай халқы жергілікті шенеуніктерге сенбейтін болған

AstanaTV
26.11.2020ж. 20:00
3127
Қостанай халқы жергілікті шенеуніктерге сенбейтін болған

«Халықтың емес, қалтасының қамын ойлайды». Қостанай жұртшылығы жергілікті шенеуніктерге сенуден қалған. Өйткені өңірде жемқорлық жайттары жиілеп кетті. Оны ресми сандар да растайды. Жыл басынан бері Тобыл өңірінде парақор басшы мен мемлекеттік қызметкерлерге қатысты 234 қылмыстық іс қозғалған. Соның 26-сы жауапқа тартылды. Алайда, сыбайластық фактілері азаяр емес. Жеңмен жалғасқан жемқорлық жөнінде Заңғар Санай баяндайды.

Құқықтық статистика дерегіне қарағанда, қостанайлық шенеуніктер кез-келген салада ақша жей береді. Әсіресе, әкімдік қызметкерлері, білім және құрылыс пен ішкі істер органдары алдына жан салмайды екен. "Биені түгімен, түйені жүгімен", жұтады. Жақында салынып бітпеген құрылыстан 160 млн теңге жымқырған, Рудныйдағы әкімдік қызметкері ұсталды.

Рамазан КӘКІМБЕКОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:


Қостанай қаласы нөмірі екінші сотының үкімімен Дінмұхамбет Тілеуов қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ішінара қосу жолымен 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.


Рудныйдағы атышулы аттракцион да бірқатар атқамінерді аттан түсірді. Шолу дөңгелектің шуынан шаһар басшысы қызметінен босатылды. Оны орнатқан мердігер ұйымның заңгері 8 жылға сотталса, серіктестік  құрылтайшысына халықаралық іздеу жарияланды. Тағы 5 адамға түрлі жаза тағайындалды.

Рүстем БОЛАТОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША  СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

 
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған 26 адамның 12-сі орталық мемлекеттік органдар және олардың құрылымдық бөлімшелері болып табылады. 8-і жергілікті атқарушы органдар мен олардың ведомствалық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ өзге де адамдарға 6 тұлға жатады.

Араны ашылған қазақ шенеуніктері шетелдіктерді де таң қалдырады. Халықаралық ұйымның бірі ел арнайы әлеуметтік сауалнама өткізіпті. Нәтижесі шетелдіктердің ауызын аштырды. Бізде, бірақ ол - үйреншікті. Елдің  56 пайызы "Жемқорлықты қазіргі қоғамның ажырамас бөлігі", деп санайтын көрінеді. Көрейік. Тобыл өңірі не дейді екен...

БЛИЦ:

-А че им доверять.Они ворует все.
-Шенеуніктерге сенбейміз әрине. Олар халықтың жағдайын жасап жатқан жоқ. Олар тек өздерінің қалталарын ғана , өздерінің жағдайын ғана жасайды.
- Честно сказать? Нет. Много обманывает.
- Жемқорлық көбейіп кетті. Оны жасыратыны жоқ. Мысалы бір жұмысқа кіру үшін де сау адам кіре алмайды. Менің балам мысалы барып кіре алмайды. Бірдеңе сұрайды ғой.


Парақорлармен билік қана емес қоғамдық ұйымдар да алысуы керек. Бұл, қоғам белсенділері мен саясаттанушылардың пікірі.

Төлеу ПӘНИЯЗҰЛЫ, САЯСАТТАНУШЫ:

Әсіресе бүгінгі пандемия жағдайында жемқорлықпен күресті бақылайтын қоғамдық институттар мен үкіметтік емес ұйымдар болуы керек ғой. Сол мәселе саябырсып қалды деп айтуға болады. Тікелей атсалысатын. Қашықтықтан бақылау енді толыққанды жүзеге аспайды.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Қамбасы астыққа толы аймақ атқамінерлері соңғы кездері қалтасын ақшаға толтырам деп қалт кетіп жатыр. Тобыл өңірінде 9 айда сыбайлас жемқорлықтың салдарынан 720 миллион теңгеден астам қазына қаражаты талан-таражға түскен. Десекте, көп жемқордың  дүние-мүлкі тәркіленіп, жегені желкесінен шықты. Қомақты сомманың  92 пайызы өндірілді,- дейді департамент өкілдері.

З. Санай