$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елордадағы сауда үйінің бірінде тағы да шу шықты

AstanaTV
30.11.2020ж. 20:00
3457
Елордадағы сауда үйінің бірінде тағы да шу шықты

Елордадағы сауда үйлердің бірінде тағы да шу шықты. Саудагерлер жалға алу бағасын пандемияға қарамастан шарықтатып жіберген басшылықтың бассыздығына көне алатын емес. «Шыдамның шегіне жеттік» деген олар бүгін базар алдына наразылыққа шықты. Сатушылар «табысымыз күнкөрісімізге жетпей жатқанда, оны қалай төлейміз» деп күйінеді. Әріптесім Айя Мүтәлі жалғастырады.

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Базарлардың орынды жалға беру құнын дәл карантин кезінде қымбаттатып жібергендігі туралы тағы да дау шықты. Бұл жолы да Елордадан. Дәл мына сауда үйінің саудагерлерінің айтуынша, базар басшылығы аренда бағасын бірнеше есеге көтерген. Олар қанша қарсылық білдірсе де, құлақ асар ешкім болмай тұр.

Мұндағы дау карантин басталғалы тоқтайтын емес. «Орын ақысын қымбаттамын» деген сауда үйінің қожайыны ақыры дегеніне жетіпті. Дүңгіршектердің ай сайынғы бағасын еш ескертусіз 50 пайызға дейін өсіріп жіберген. «Соны төлейсіңдер, болмаса орынды босатасыңдар» деген көрінеді. Сатушылар болса, қымбатшылық осындайдан туады деп отыр.   

Жасұлан ДАЙЫРБЕКОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Аренданы көтерсе, біз бағаны көтереміз сответсвенно. Қазір қымбат қылып, қойса, ешкім алмайды бізден товарды. Басқа жерге барады. Қазір пандемия, ақша жоқ қазір. 
 

Мұнда 100-ден аса сауда нүктесі бар. Орташа жалдау бағасы 50 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгеге дейін барады. Жиналғандар кетіп қалмақ та болған. Алайда, "сауда үйінің әкімшілігі оларды да басынып жатыр» дейді. Келісім-шартқа тұрар алдында жинап алынған қаражатты да бермей отыр екен.

Назгүл АҚБОЛАТОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен төлей алмаймын, кетемін десем, сенің депозитің қалады дейді. Мен неге қалдыруым керек. Менің де семьям бар. Менде квартирада тұрамын. Менде кредит бар. Мен почему просто так должна отдавать?


Жанар ТҰРСЫНБАЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына жерде тұрғандар, бірінші күннен бастап істеп, өз клиенттері бар. Оны енді қайтадан істеп, көтерген. Затыңды тастап кетіп, басқа жақтан бастау деген оңай емес. Өзіміздің бірінші күннен істеген уже клиенттеріміз бар. Жақын тұрамыз.


Ал базар қожайынын қызмет орнынан таба алмадық. Қоңырауымызға жауап бермеді. Базар әкімшілігін атынан наразы топтың шағымын тыңдау үшін қызметкері ортаға шықты. Алайда, одан да мардымды жауап болмады. «Көптің базынасын басшылықтың құлағына жеткіземін» деп қана қысқа қайырды.  

Айтуған ҚҰЛМҰХАМЕДҰЛЫ, «ASPAN BAZAR» САУДА ҮЙІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ:

Осы мәселе бойынша кешке біздің бастығымыз келеді. Осы базардың хозяйны. Келгеннен кейін бәріміз сөйлесейік. Мен сөз беремін,что мен Алиханның алдында кәсіпкерлермен бірге, бір мүддеге, бір ортақ шешімге, ортақ арендаға келсеміз деп ойлаймын.

Нақты жауап болмаған соң, саудагерлердің базынасын жергілікті биліктің құлағына жеткіздік. Бір қызығы, мұны шешуде әкімдік те қауқарсыз. Олар екі тараптың әуел бастан қандай келісім-шартқа қол қойғанын білмейінше, араша түсе алмаймыз, дейді. Десе де, наразы топқа қожайынның өзін сотқа беруге кеңес берді.  

Ермек СЕРІКБАЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ САУДА ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Біз сауда үйіне ескерту жасадық. Жағдайды егжей-тегжей сұрап алдық. Егер, саудагерлердің тағы шағымы болса, бізге ресми түрде арыз жазсын. Сосын біз барып, тексеріс жүргізе аламыз. Сауда үйінен ресми хат талап ете аламыз. Ал істің тез шешілуін қаласа, сотқа шағымданулары керек.


Наразы топ шенеуніктердің айтуы бойынша ресми хат дайындады. Енді оны әкімдікке жолдамақ.  Ал егер іс мұнымен бітпесе, сотқа да арыздануға бел буып отыр.

А. Мүтәлі