Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Елбасының антиядролық бастамасын әлем саясаткерлері қолдады

Елбасының антиядролық бастамасын әлем саясаткерлері қолдады

Әлем саясаткерлері мен сарапшылары Елбасының антиядролық бастамасын қолдады. Тұңғыш Президент күніне орай, бүгін «Халықаралық қауіпсіздік және жаһандық ядролық диалогты қайта бастау» мәселелері бойынша онлайн-конференция өтті. Мақсат - Жаһандық көшбасшылар альянсын құру идеясын ілгерілету. Бұл бастаманы былтыр Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын.  

Онлайн-конференцияда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шараға қатысушыларға бейнежолдау арнады. Әрі осы жиынның негізі спикері атанды. "Жер шары ерте ме, кеш пе ядролық қарудан арылады". Сөзін осылай бастаған Елбасы саясаттағы жұмысын осы идеяны жүзеге асыруға жұмсағанын айтты. Конференция қатысушыларына әлемге қауіп төндірер қарудан бас тартудың маңыздылығына тоқталды.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазақстан ядролық қару сынағының бүкіл қайғы-қасіретін сезіне білген мемлекет. Семейдегі полигоннан 1,5 миллионға жуық отандасымыз зардап шекті. Менің жарлығым бойынша әлемдегі ең ірі полигондардың бірі 1991 жылғы 29 тамызда жабылды. Бұл шешім – ядролық сынақтарға заңды түрде тыйым салатын адамзат тарихындағы ең алғашқы шешім болатын. Кейін басқа мемлекеттер де өз полигондарын жапты. Осылайша менің елімнің үлгісін басқа елдерде де қолдап, бұл бастама жаһандық сипатқа ие болды.

Жаһандық қауіпсіздік институты Президенті Джонатон Гранноф та, қарудан бас тарту маңызды екенін қолдайды. Ол адамзатты өлім соғысы қаупінен құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек деп отыр. Ал, Нобель сыйлығының иегері Мохаммед Эль-Барадеи Қазақстанның төмен байытылған уран банкін өз жерінде орналастыру ұсынысы бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін көптен күткен оқиға болғанын тілге тиек етті. Сарапшылар пікірін тыңдаған Нұрсұлтан Назарбаев бұл істі әрі қарай да дамыта түсу қажет деді.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жаппай қырып-жоюға бағытталған қаруларға қарсы күрес – оңай емес екені баршаға мәлім. «Алайда Рузвельт айтқандай, «Істеген ісіңе сенсең, оның өзі шаруаның жартысын еңсергенің» деп кеткен. Осыған байланысты ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарулар еркін әлем көшбасшыларының жаһандық альянсын құру жолындағы менің бастамамды қолдаған баршаңызға алғысымды білдіремін.


Айта кетейік, Жаһандық көшбасшылар альянсын құруды қажеттілігін, Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы қарашада жария еткен болатын. Бүгінгі жиында осы бастаманы жетілдіру тетіктері талқыланды. Конференция кезінде Елбасы «COVID-19 пандемиясы әлемді дағдарысқа ұшыратқанын жеткізді. Алайда адамзат бұдан қиын кезеңді де бастан өткізгенін еске салды.

Ғ.Өтемісов