$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Нұр-Сұлтанда ауыз су тапшылығы болуы мүмкін

AstanaTV
02.12.2020ж. 20:00
3616
Нұр-Сұлтанда ауыз су тапшылығы болуы мүмкін

Ауыз су тапшылығы Нұр-Сұлтан қаласында да болуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Маминге депуттаттық сауал жолдаған мәжілісмен Шәкір Хахазов айтты. Оның сөзінше, бұған халық санының өсімін әуел бастан дұрыс болжамаған архитекторлар кінәлі. Елорда құрылысының бас жоспарын әзірлеген жапондық сәулетші Киоши Курокава 2030 жылға қарай астаналықтар саны 800 мың ғана болады деп пайымдаған екен. Алайда, шаһарда қазірдің өзінде 1 млн-нан аса тұрғын бар, деді депутат. Демек шаһарда ауыз су тапшылығы сезілуде. Қала берді, су құбырлары да ескірген. Әсіресе, жаңа тұрғын үй кешендеріне су жүйесі мен кәріз құбырларын қосу кезінде қиындықтар көп, дейді халық қалаулысы.  

Шәкір ХАХАЗОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПТУТАТЫ:


Соңғы болжамға сенсек, алдағы 10 жылдықта астаналықтардың ауыз суды тұтынуы жылына 153 млн.текше метрге дейін өседі. Қазірдің  өзінде пайдаланылып жатқан су мөлшері 102 миллион текше метрге жетіп отыр.  Алайда жобаның өзі 67 миллион текше метрді ғана қамти алады. Сондықтан жергілікті судың ағынымен ауыз су мәселесін шешу мүмкін емес.


Үкімет басшысына сауал жолдап, жауап талап еткен Шәкір Хахазов қана емес. Депутат Дания Еспаева пандемия кезінде мәртебесі биіктеудің орнына, керісінше түсіп кеткен дәрігерлердің мәселесін көтерді. Ол әсіресе, қызмет бабында індет жұқтырғандарға төленетін өтемақыны алып тастаған Үкіметтің әрекетін "мазақ ету" деп сынады.

Дәния ЕСПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АҚ ЖОЛ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Денсаулық сақтау министрлігі мен өзге де шенеуніктер, мұны - дәрігерлердің жалақылары онсызда жоғары деп түсіндірді.  Бұл жерде мәселе төлем мөлшерінде де емес, пандемияның жаңа толқыны қарсаңында әлеуметтік маңызы зор мамандыққа деген мемлекеттің қарым-қатынасында.


А. Мүтәлі