Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Пандемия жағдайында ұжымдық келісім-шарттарды қайта пысықтау қажет - «Nur Otan»

AstanaTV
04.12.2020ж. 20:00
1671
Пандемия жағдайында ұжымдық келісім-шарттарды қайта пысықтау қажет - «Nur Otan»

Пандемия жағдайында ұжымдық келісім-шарттарды қайта пысықтап, өзгерту қажет. Еңбек құқығын қорғау және азаматтардың әлеуметтік кепілдемелерін талқылаған батыс қазақстандық нұротандықтар осындай ой тастады. Олардың дерегінше ұжымдық шарт жылдың басында жасалады. Ал індет көктемде басталып, зардабы әлі басылған жоқ. Сондықтан келер жылы шартты бекітер кезде пандемия кезіндегі өзгерістерді ескеру керек, деді. Өйткені індет күшейген кезде көптеген мекеме-кәсіпорындардың жұмыс тәртібі өзгеріп, көмекке мұқтаждардың қарасы артты.

Мұрат МҰҚАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ БҚО ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

300-дің үстінде азамат бізге шағымданды. Әсіресе шағын және орта бизнес аясындағы азаматтардың шағымы көп. Соның қазір 40 пайызы оң шешімін тапты. Қалғанымен біз қазыр жұмыстанудамыз. Жұмысберушінің кесірінен жұмыссыз қалса, я болмаса жалақысыз қалса, біз оларды толыққанды қамтып, қазіргі таңда қорғау жұмыстарын күшейтіп отырмыз.

Биыл мамыр айында “Nur Otan” партиясы мен кәсіподақтар ұйымы өзара меморандумға қол қойған еді. Мұндағы мақсат - қарапайым еңбек адамдарының құқығын қорғап, барлық мәселені бірге шешу. Әлеуметтің әлеуетін арттыру жұмысы басқа аймақтарда да жалғасын тауып жатыр. Мысалы, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Алматы облыстық ұйымы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды азық-түлік себеттерімен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ, өңір бойынша 25 мың медициналық масканы тегін таратқан. Аймақтағы нұротандықтар бұл игі іс әріқарай жалғасын табатынын жеткізді.

Е. Карин