«Баспана Хит» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлерге несие беріле бастады. Ел аумағында бірінші болып, алматылықтар жаңа мүмкіндікті пайдалануда. Үлескерлік арқылы баспаналы болуға ниетті Ләйлә Анасова жаңа мүмкіндіктің қыр-сырын меңгеріп алған. Аталған бағдарламаның жаңа өзгерістеріндегі тиімді тұстарымен менің әріптестерім бөліседі.
Биыл қыркүйекте Ұлттық банк «Баспана хит» ипотекалық бағдарламасына өзгеріс енгізді. Жаңа талаптарға сәйкес Қазақстан азаматтары екінші деңгейлі банк жобасына үлестік қатысу шеңберінде ипотека алуға өтініш білдіре алады. Осы мүмкіндікті бірінші болып алматылық Ләйлә Анасова пайдаланды. Оның пайымынша құрылысы бітпеген үйді үлескер ретінде сатып алу, дайын пәтерге қарағанда әлдеқайда арзанырақ.
Ләйлә АНАСОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Пайыз мөлшерлемесі төмен, несиенің мерзімі ұзақ болып келеді. Сол жағы бізге тиімді. «Баспана хитта» 20 пайыздық алғашқы жарна біз үшін тиімді болды. Үлес қосу арқылы пәтер алу мүмкіндігі беріледі. Қаржы ұйымдары несие бере алады.
Ләйлә бұл мүмкіндікті әріптестерінен естіп, жан-жақты ақпарат іздей бастаған. Қосымша өзі қалаған аумақтағы құрылыстармен танысыпты. Айта кетейік, жаңа өзгеріске сай, тұрғын үй құнының шекті лимиттері белгіленген. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы лимит мөлшері 25 миллионнан 35 миллион теңгеге, сондай-ақ Шымкентте 25 миллион теңге болса, Қарағандыда 20 миллион теңге болып бекітілген. «Қазақстанның орнықтылық қорының» дерегінше сенімді құрылыс компаниялары бастаған тұрғын үйлер "Баспана хит" бағдарламасына қатыса алады.
Рүстем ҚЫДЫҚОВ, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРНЫҚТЫЛЫҚ ҚОРЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
"Баспана Хит" бағдарламасының жаңа талаптары тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға және бастапқы тұрғын үйге сұранысты көбейтуге бағытталған. Жақын арада бағдарламаның жаңа талаптары бойынша ипотекалық қарыздар беруге басқа да банктер мен аккредиттелген құрылыс салушылар қосылады.
Еске сала кетейік, Ұлттық Банк тұрғын үй нарығында ұзақ мерзімді кредиттеуді ынталандыру мақсатында 2018 жылы «Баспана Хит» ипотекасын іске қосқан еді. Бүгінгі күні 40 мыңнан астам қазақстандық оның шапағатын көріп үлгерді.
А. Кемелжан