Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Астанада ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

AstanaTV
15.09.2017ж. 20:00
1900
Астанада ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізуде бірнеше айтулы мәселелер бар. Бірыңғай әліпби аталмыш мәселелер түйіні шешілген соң енгізілуі тиіс. Осы орайда бүгін Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Шараға жиналған ғылыми шығармашылық зиялы қауым өкілдері бұл қадамның еліміз үшін маңызды екеніне тоқталып, артықшылықтарын айтып берді.

Елбасының тікелей тапсырмасына сай, латын графикасына көшу мәселесі халықтан қолдау тапқаны рас. Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері де - ел болашағы үшін маңызды бастаманы қолдап отырғандардың бірі. Бұл қадам, мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанды жаңа белеске жетелейді, - дейді жиналғандар.

Дархан Мыңбай, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары:

2012-ші жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз жолдауында «Қазақстан 2050» стратегиясын тұжырымдап, латын әлпбиі тақырыбын өзектендірді. Және 2025-ші жылды латын әліпбиіне өтудің шекті мерзімі деп атап көрсеткен болатын. 2017-ші жылы 12-ші сәуірде «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласында мемлекет басшысы қазақ тілінің латын графикасына кезең-кезеңмен өтуі, сондай-ақ жаңа графикада қазақ әліпбиінің бірыңғай стандартты нұсқасын осы жылдың соңына дейін аяқтауға тапсырма берді.

Дәл осы тапсырма негізінде қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жүзге жуық нұсқасы әзірленген. Ел парламентіне оның тек біреуі ғана жол тартты. Қазір Елбасының тапсырмасына сай бұл нұсқа жалпы халықтың назарына ұсынылып, бұқара арасында қызу талқыланып жатыр. Ғалымдар халық пікірі міндетті түрде ескерілетінін айтады.

Қуаныш Асылов, Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасы:

Халық пікірін білу мақсатында түрлі зерттеулер жасалды. Кешенді жұмыс нәтижесінде бірнеше әліпби графикасы дайындалды. Оның бірі халық қарауына ұсынылды. Онда тіл саласындағы көптеген белді ғалымдардың қатысуымен латын әліпбиіне көшудің тарихи-әлеуметтік, тіл танымдық негіздері жан-жақты талқыланды.

Ерден Қажыбек, Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының директоры:

Қазіргі тілдік реформа тек қана тілге байланысты емес, бұл біздің ең өзекті жан дүниемізге, біздің мәдениетімізге, рухани болмысымызға, рухани жаңғыру деген үлкен мемлекеттік бағдарламаға тікелей байланысты.

Жиынға арнайы келген, Ақмола облысына қарасты Родина селолық округінің әкімі, филология ғылымдарының кандидаты Белла Асланбекқызы кез келген тілдік реформа халық арасында қызу талқылауға ие болатынын айтады. Сондықтан алдымен Президент тапсырмасына сәйкес асықпай-аптықпай болашақта өзімізге тиімді болатын нұсқаны таңдаған абзал дейді. 

Белла Газдиева, Ақмола облысы Целиноград ауданы Родина селолық округінің әкімі, филология ғылымдарының кандидаты:

Лингвистикалық реформа қашан да бір жақты қаралмайды. Сондықтан көптің көңілінен шығады деп бірден айта қою қиын. Бірақ асықпай, сауатты, нақты эксперттік дәлелмен  жеткізсе, мұны еш қиындықсыз қабылдауға болады. Сондықтан өзімізге тиімді нұсқаны таңдауға ат салысуымыз керек.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Ұлттық кітапханада арнайы жайылған сол 1928-40-шы жылдардағы латын әдебиетін көріп отырмыз, мұның қазір ұсынылып отырған әліпбиден аса бір қатты айырмашылығы жоқ. Латын әріпі бір кезде тарихымызда, халқымызда болған. Сондықтан бұған қайта өту аса бір қиындық тудырмаса керек.