Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

«Ай қабақ, алтын кірпік» қолдан жасалмайды. Кірпік жабыстырудың ...мемлекеттік стандарты жоқ.

AstanaTV
16.09.2017ж. 20:00
10159
«Ай қабақ, алтын кірпік» қолдан жасалмайды. Кірпік жабыстырудың ...мемлекеттік стандарты жоқ.

Кірпік жабыстыруға байланысты ...мемлекеттік стандарт жоқ екен. Бұл «қызық сияқты» естілгенімен, маңызды мәселе. Негізі, кез-келген қызметке байланысты стандарт болуы тиіс. Стандарт болмаған жағдайда – егер, осы кірпік жабыстыруды алсақ, әйелдің денсаулығына нұқсан келсе, мысалы, жанарынан айырылса, кірпік жабыстырушыны жазалап, қандай да бір өтемақы төлеттіре алмайды... Ал қазір қыз-келіншектер арасында кірпік жабыстырып, қас бояу сәнге айналған. Сөйтпесе «ішкен асы батпайтындар» бар. Тиісінше, еш жерде тіркелмеген, тиісті квалификациясы жоқ – медицинадан мүлдем хабарсыз, кірпікті станокта отырғандай жабыстырып беретіндер, сондай орталықтар ашып алғандар көбейді. Олар әрине, ешқандай салық төлемейді. Ал табыстары жұмсартып айтқанда, жаман емес. Көпшілік аз ғана айлығынан салық төлейді, ал жасанды сұлулық шеберлері тымпиып отыра береді. Қолдан жасалған «ай қабақ, алтын кірпіктегілер» шын мәнінде ай қабақ, алтын кірпік болып көрінбейтінін білмейтін уақыт...

Мөлдір Бекеева, журналист:

Маған көп адамдар айтады «Саған боянғаннан боянбаған түрің жарасады,жас көрінесің,түрің мүлдем өзгеріп  кетті» деген сияқты. Бірақ жұмыс солай, қызмет бабы солай. Телеарнада жүргеннен кейін міндетті түрде грим,бояу қажет болады. Амалсыз боянамыз. Кірпік жапсыруға тура келеді. Бұл ыңғайлы, бір жағынан эфирге де ыңғайлы. Қайта-қайта сағат сайын боянып, әрленіп жүрмейсің. 

«Көрік беріп тұрады» дейтін бұл кірпіктердің бағасы да арзан емес екен.

Мөлдір Бекеева, журналист:

«Арзанның дәмі татымас»- деп айтады ғой. Ең қымбатын жапсырамын. Себебі  өзімнің саулығым өзіме қымбат деген сияқты ...Әрине шеберім өзімнің туысқан жақыным, сондықтан өзімнің денсаулығымды, өзімнің көзімді, көз жанарымды сеніп тапсырамын.Әрдайым сапалы шығады.Өзіме ыңғайлы.
-Бағасы қанша?
-Бағасы 15 мың теңге.

Жасыратыны жоқ, қолдан кірпік өсіру бүгінде белең алған бизнес. Тәп-тәуір табыс түрі. Әр адамға көрсетілер қызмет ақысы 3 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін барады. Оны жасатушылар қарасы да қалың. Әйтсе де, жасанды кірпік біреуге әр берсе, енді біреуді әлек салып жатады.

Маргарита Соловьева, Астана қаласының тұрғыны:

Кірпік жапсырып келген күні кешкісін көзім ауыра бастады. Қызарып, қышып шыдатпағаннан кейін екі күннен соң окулистке бардым. Маған «көз айналасы  күйген» деген диагноз қойды.Тиісті дәрілерді жазып беріп, бір айдай ем қабылдауға мәжбүр болдым. Бұл жағдай маған үлкен сабақ болды. Осыдан соң тек шеберлерге ғана баратын болдым.

Астаналық кәсіпкер Марина Субботинаның айтуынша, елімізде бұл істе қауіпсіздікті, сапаны талап ету мүмкін емес. Өйткені бізде кірпік өсіру  ісінің мемлекеттік стандарты жоқ. Осы себепті қыз-келіншектер денсаулығына  зақым келген  жағдайда ешкімге шағымдана алмайды, тіпті өтемақы да сұрай алмайды. Сондықтан  ешнәрседен қорықпайтын шын шеберлер  стандарт қалыптастыру қажеттігін ұсынып отыр. Марина тіпті арнайы қауымдастық құрып жатыр. Өйтпеген жағдайда қыз-келіншектердің жанарынан айырылып қалу қаупі бар.

Марина Субботина, кірпік өсіру шебері:

Өкінішке орай, бізге көмек сұрап келушілер қазір өте көп.Жоқ дегенде күнара жүгінеді. Тәжірибесіз маманның ісі екенін бірден білесің. Осының бәрін көріп жүргеннен кейін  мұның алдын алмай болмайтынын түсіндім. Қауіпті тенденция жойылса деймін. Әйел бұл процедурадан көркіне көрік қосып кетуі керек. Жайсыздық емес.  

Ережесі сақталса, кірпік жапсыру адам өміріне, көз жанарына еш қауіпсіз, -дейді мамандар. Косметологтардың тілімен айтсақ, табиғи кірпіктің өзі әр үш ай сайын өздігінен жаңарып отырады. Демек кірпіксіз қаламын деп алаңдауға негіз жоқ, -дейді олар. 

Мөлдір Тұрғынбай, кірпік өсіру шебері:

15 жастан, өзімнің басымнан өтті, 60 -қа дейін келіп жатыр. Бір жағынан олар да уақыт үнемдейтін шығар. Жұмыс істейтін қыз-келіншектер бар, бизнес-ледилер бар. Қазір той көп. Тойдың сезоны.

Алайда дәрігерлер сау басына сақина тауып алатындардың аз еместігін айтып, алаңдайды. Көзі қызарып, ісініп, кейбірі құдды ине қадалып тұрғандай көзін жұма алмайтынын айтып, медицина қызметкерлеріне көп жүгінеді екен. Көз дәрігері Әсел Бекбасованың айтуынша, бірінші проблема - қолданатын материалдың  сапасыздығы.

Әсел Бекбасова, көз дәрігері:

Көз жанарына орай шағым айтып келуші қыздар аз емес. Олар жарыққа қарай алмайтынын, көзінен жас тамшылай беретінін айтады. Тіпті  көз күю жағдайларымен де келеді. Анықтай келе олардың кірпік жапсыртқанын білемін. Апталап ем алатындар бар. Кейбірінің кірпігін алдыртып тастауға тура келеді, асқындырмау  үшін. Бұл жерде бірінші себеп - тауардың сапасыздығы. Негізі аллергия желімнен де туындайды. Кейбір ғалымдар оның құрамында концерагенді зат бар екенін айтады.

Сол себепті кірпік жабыстырудың алдында қыздар офтальмологтың кеңесіне бір жүгініп алғаны жөн, -дейді көз дәрігері.

Айзада Төребекқызы,  тілші:

Мамандар көз жанарына байланысты қолайсыздықтар біліксіздіктен де болатынын айтады. Қазір ғаламтор беттерінде «кірпік жапсырып, өсіреміз» деген  жарнамалардан көз сүрінеді. Іздегенге сұраған.Жасанды кірпік трендке айналғандықтан мұны кәсіп қылғандар  аз емес. Оны жабыстыруды өзіңіз-ақ үйреніп ала аласыз, дейді көпшілігі. Қарап көрейік, міне, үйрету курстары небәрі 10 мың теңге. Сізді «ай қабақ, алтын кірпікті» қылып шығаруға әзір тұрғандар өте көп.

Көкейін ақша тескен көлеңкедегі кірпік жабыстырғыштар дұрыстап оқу дегенге күліп қойып отыра беретіні шын.

Мөлдір Тұрғынбай, кірпік өсіру шебері :

Үйінде қабылдайтындар көп. Үйдегі қабылдаған ол ыңғайсыз,меніңше. Өйткені олар мындай кушеткаларға ақша шығарғылары келмейді. Светильникке ақша шығарғылары келмейді. Үйде отырып ақша тапқылары келеді, ондай болмайды деп ойлаймын. Салықтан да қашатын шығар.

Салық демекші, кірпік бизнесінен мемлекетке қанша салық түсіп жатыр? Олардың саны қанша? Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облыстық кірістер департаментіндегілер нақ  «кірпік жапсыру» кәсібімен тіркелгендердің жоқтығын айтты. Бұл олар мүлдем салық төлемейді деген сөз емес, кейбірі патент алып немесе оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін көрінеді. Бірақ нақты табысын санап, тексеруге құқықтары жоқтығын айтты. Алматылық экономист Мақсат Халық кәсіппен көлеңкеде айналысатындар әлеуметтік жауапкершіліктің  барын қаперге алмайтындар, -деді.

Мақсат Халық, экономист :

Шындап келетін болсақ бізде салықтан жалтарып жүргендер өте көп. Ең негізгі көлеңкелі ақшаның айналатын жері тойда деп айтушы едім, өз басым. Тек қана әншілер емес, ол тамадалар бар, шаштаразбен айналысатын азаматтар бар, қас, көз, кірпік жасайтын қыздар бар, мысалыға. Одан бөлек фотографтар бар суретке түсіріп жүрген. Бірақ осының барлығы түптеп келген кезде істерін тіркемейді. Алып жатқан табыстарын тіркемейді және нәтижесінде заңсыз, көлеңкелі ақшаның айналымына әкеп соқтырады.

Денсаулық немесе көлеңкелі ақша айналымы туралы  айтып, кімді тоқтатасың...

Әйгерім Жұмағұлова, Шымкент қаласының тұрғыны :

Қыздар болады ғой , кербез, өздеріне қарап шаршамайтын азаннан кешке дейін. Ал менде оған уақыт та жоқ, сосын мен өзім «еріншек» адаммын. Сол үшін маған кірпік жапсырып алып, боямай кірпігімді жүре берген өте ыңғайлы.

Қыздар қауымына қанша жерден сән немесе қажеттілік десек те ер азаматтардың  жасандылыққа қашан да жаны қас.

-Кірпік жапсырмаған дұрыс деп ойлаймын. Өйткені бәрібір жасанды кірпіктің  аты жасанды кірпік. Өйткені адамның өзінің табиғи сұлулығына жетпейді. Жасанды кірпік жапсырғаннан кейін ол бірден көрінеді

-Менің ойымша, әйел затының сұлулығы өзінде. Ал мынау қазіргі сәнге айналған ғой, жасанды кірпіктерді жапсырып алады. Той-томалақтарда көресің, ойын-сауық билеп жатқан кезде түсіп те қалып жатады, салбырап та жатады. Ол менің ойымша, ұсқынсыз. Негізінен әйел заты өзінің қас-кірпігімен, өзінің сұлулығымен, өзінің шиедей еріндерімен сондай сұлу болуы керек.

 Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт».