Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Түркістан қаласында газ құбырының 90 пайызы дайын

AstanaTV
24.12.2020ж. 20:00
2339
Түркістан қаласында газ құбырының 90 пайызы дайын

Түркістанда табиғи газ таратуда туындаған қиындықтар өз шешімін тапты. Облыс орталығында коммерциялық нысандар мен жекелеген үйлердің 90 пайызына көгілдір отын жетіп тұр. Бұл, «ҚазТрансГаз Аймақ» облыстық филиалының атқарған жұмысы. Компания өкілдерінің айтуынша, көне шаһардың 40 пайызы табиғи отынды бүгіннің өзінде пайдаланып отыр. Тілшіміздің бейнематериалы.

Алғаш күн суытқанда қалалық нан зауыты тұтынып отырған газдың қысымы төмендеп кеткен. Тексере келгенде, мәселе зауыт иелерінің наубайханаға тартылған жекеменшік газ құбырына өзге тұтынушыларды оңды-солды қосуының кесірі екені анықталды.  Нәтижесінде тек зауытқа ғана газ жеткізуге арналған құбырдың қысымы күрт төмендеп, наубайхана пештеріне газ жетпей қалған. Проблема нан зауытының газ құбырына қосылған тұтынушыларды әкімдік жүргізген газ желілеріне қайта қосу арқылы шешілді. Енді зауыт отын тапшылығын сезінбейтін болды.

Насиба АТАЕВА, НАУБАЙХАНА ДИРЕКТОРЫ:

13-ші желтоқсаннан бері бізге беріліп жатқан газдың қысымы өте жоғары. Зауыт күндіз-түні толық қуатында жұмыс істеп тұр. Тәулік бойы нан пісіріп жатырмыз. Бөлке нандарымызды бұрынғыдай Түркістан мен Кентау тұрғындарына уақытылы жеткізіп отырмыз.


Газ қысымнан бөлек тағы бірнеше қиындықтар кездескен. Мысалға, мұның алдында түркістандықтар, газдың орнына су атқылады, деп шағымданған еді. Ол, газ құбырын тартқан жеке мердігер мекемелердің тарапынан кеткен кемшілік боп шықты. Тұрғындарға газдың тұрақты жетуі үшін барын салған газ мамандары құбыр салған жеке компаниялардың сапасыз істеген жұмысының зардабын тұрғындармен бірге тартып отырмыз дейді.

Шалқар ОМАРБЕКОВ, «ҚАЗТРАНСГАЗ АЙМАҚ» АҚ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Кезінде құрылыс жүргізген кездегі мердігерлердің қателігінің кесірінен біз эксплуатацияға алған кезде газдың қысымы көбейген сайын су газбен бірге сыртқа шығып, қатып қалып жатты. + Әр көшелердің басында жер астынан жердің бетіне шыққан жердегі трубаларға "конденсато-сборниктар" қойылып, шешілді.

Мамандардың айтуынша, бұл техникалық ақау қайталанбас үшін бар жағдай жасалуда. Бүгінгі күні түркістандықтар қысымы тұрақты табиғи отынға қол жеткізді", - дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» өкілдері. Айта кетейік, облыс орталығында 2018 жылы небәрі 2,5 мың абонент болса, биыл табиғи газ тұтынушылар саны бес есеге өскен. Шаһарда осы күнде газ құбырының 90 пайызы тартылып дайын тұр. Енді оны тұрғындар үйді-үйге кіргізіп алуы керек. Ал, газға қосылу жұмыстарын тездету мақсатында өтінімдер мен құжаттарды қабылдау үшін, компания Түркістаннан арнайы екі кеңсе ашып қойған. Сонымен қатар, бұл мекенжайларда тұрғындарға газды үй жағдайында қауіпсіз пайдалану туралы толық ақпарат беріледі.

А. Төребекқызы