Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Солтүстікте Жамбыл ауданының ауыз сусыз отырғанына бір апта болды

AstanaTV
28.12.2020ж. 20:00
1938
Солтүстікте Жамбыл ауданының ауыз сусыз отырғанына бір апта болды

Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл ауданының ауыз сусыз отырғанына бір аптаға жуықтады. Өйткені, мамандар су құбырының қай жерден жарылғанын анықтай алмай жатыр. Айтуларынша, Кеңес заманынан қалған 6 шақырымдық су құбыры саз-балшықтың астында жатқан көрінеді. Құбыр жөнделгенше ауыл тұрғындары тасымалы ауыз сумен күнелтуге мәжбүр. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин жағдайды біліп көрді.

Жамбыл ауданы тұрғындарының, трактордың артында қаз-қатарынан кезекте тұрғанына бір апта болып қалды. Ел ерте келуге тырысады. Өйткені, суды соңынан алғандар бөшкенің түбіндегі лайды қанағат тұтады. Ал, үйге келіп тұрған құбырдың қашан жөнделетіні белгісіз. Ақау бір апта бұрын шығыпты.

Василий ИВАНОВ, ПРЕСНОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әкімдік суды бөшкемен тасып отыр. Бірақ ол жетпей отыр. Дүкен сөрелері бос тұр. Құтыға құйылған суды да талап алып қойдық. Кеше он бес литр алдым. Бүгін-ертең ол су бітеді. Не істейтінімізді білмейміз.

Ауыл жұртының басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Ауладағы төрт түлік те осы құбыр суын ішіп жүрген. Енді малға қар ерітіліп беріледі.

Жергілікті билік өкілдері бар гәп ауыл сыртындағы магистральда екенін айтады. Преснов кентіне ауыз су 2000-шы жылдарың басында ашылған ұңғыма арқылы беріліп жүріпті. Ауылға келетін су құбырының негізгі бөлігі жаңадан тартылған. Алайда, 6 шақырымдық құбыр Кеңес одағы заманынан қалған. Шенеуніктердің айтуынша, ақау сол жерден шығуы мүмкін.

Дархан СМАЙЫЛОВ, СҚО ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Сол жерде осы трубалар тағы тесілген. Қазір қиыншылық болып тұрғаны ол жер заболоченный болып кеткен. Техника кіре алмайды жөндеуге. Осы сұрақты шешіп жатырмыз. Кеше суды түнгі сағат бірге дейін тасыдық. Бүгін тағы тасып жатыр. Көрші ауылдардан: Мирный, Айымжан, Благовещенкадан.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Сорақысы сол, коммуналдық қызметтер құбырдың нақты қай жерден жарылғанын таба алмай отыр. Себебі, магистраль саз батпақтың астында жатыр екен. Тесілген жері табылмағандықтан, ауыз судың қашан берілетіні әзірге белгісіз.

А. Құрманкин