Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы көпбалалы отбасыларға дабыл қондырғысын тегін орнатты

AstanaTV
29.12.2020ж. 20:00
1910
«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы көпбалалы отбасыларға дабыл қондырғысын тегін орнатты

"ҚазТрансГаз Аймақ" компаниясының Шымкенттегі өкілдері төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, көгілдір отынға қосылған үйлерге рейд өткізді. Мамандардың айтуынша, тұрғындар қарапайым ережелерді ескермейді. Соның салдарынан улану дерегі азаймай отыр. Айта кетейік, Түркістан облысы улы газдан зардап шегу дерегі бойынша алдыңғы орында тұрған аймақ.

Қайғылы жағдайдың алдын алуды мақсат еткен мамандар қала іргесіндегі жеке үйлерді, кезекті рет аралап шықты. Газ құрылғылары мен мұржалардың ережеге сай орнатылғанын қадағалап, кемшіліктерді анықтады.

Бауыржан СӘТМАҒАМБЕТОВ, «ҚАЗТРАНСГАЗ АЙМАҚ» АҚ ШЫМКЕНТ ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ  БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 
Көбіне газ құрылғыларын орнатуда қателіктерге жол беріп жатады. Мысалы су жылытқыштарды тиым салынғанына қарамастан жуынатын бөлмеге орнатады. Біз техникалық құжатта оған рұқсат бермейміз. Уланудың 90 пайызы сол жуыну кезінде болып жатыр. Түтін шығатын мұржалар да көп жағдайда талапқа сай жасалмаған.

 
Мамандар тексеріп қана қоймай, тұрғындарға үй жағдайында газды қауіпсіз пайдалану туралы да ақпарат берді. Өйткені, өңірде отынды дұрыс пайдаланбау салдарынан, зардап шеккендер мен уланып, қайтыс болғандар саны азаяр емес.

Бауыржан СӘТМАҒАМБЕТОВ, «ҚАЗТРАНСГАЗ АЙМАҚ» АҚ ШЫМКЕНТ ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ  БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 
Бізде өткен жылы табиғи газға қатысты 863 оқыс жағдай тіркелді. 22 адам көз жұмды. Оның ішінде бес бала бар. Әрине бұл деректер кім-кімді болмасын бей-жай қалдыра алмайды. Сондықтан біз газ саласына жауапты мекеме ретінде мұндай санды барынша азайтуға тырысамыз. Соған бар жігерімізді саламыз.

Улану деректері Шымкентте де өскен. Сондықтан иіс тиюдің алдын алатын бір амал - газ шыққанын алдын ала анықтайтын құрылғы орнату, - дейді мамандар. Тиімділігін дәлелдеген қондырғылар көпбалалы отбасыларға рейд барысында тегін орнатылды.

Ғалымжан МҰРАТОВ, ШЫМКЕНТ қ. АБАЙ АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Бүгінде ҚазТрансГаз қызметкерлерінің қатысуымен сол кісілердің қолдауымен екі отбасына осындай газанализатор датчигін орнатып жатырмыз. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады. Қала көлемінде осы жылу беру маусымынан бастап 482 отбасына біз осындай көмек көрсетіп қойдық.

Мамандар демеушілер табылса мұндай құрылғыларды әлі де көптеп орнатуға ниетті. Бірінші кезекте мұқтаж отбасыларды ескермек. Биылғы жылыту маусымында мегаполисте екі адам уланып көз жұмса, соның бірі бала.

А. Төребекқызы