Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын - Қ.Тоқаев

AstanaTV
05.01.2021ж. 20:00
4676
Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын - Қ.Тоқаев

Байтақ жер. Қастерлі тіл. Береке-бірлік. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осылай ой толғады. Президенттің пікірі - терең тұжырым. Құнды құжат. Саяси бағдарлама. Енді оның жүзеге асуын асыға күтеміз, дейді белгілі саясаттанушылар.

Президент мақаласында үш онжылдықтың толағай табыстарымен қатар 30 жылдың олқы тұстарына да ой толғаған. Алдағы кезеңнің де жүгі ауыр. Осы жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы.

Мемлекет басшысы аумақтық тұтастыққа күмән келтіретін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне байыппен тойтарыс беру керектігін басып айтты. Ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажет деді. Сырт көзге сыр бермеу үшін түп тарихымызды түгендеп, ұлттық құндылықтарды жаңғырту аса маңызды.

Дос КӨШІМ, САЯСАТТАНУШЫ:

Бұл жерде желтоқсан мәселесіне тоқталғаны және тарихқа байланысты, жерге байланысты, ұлттық құндылықтарға байланысты айтқан әрбір сөзі шындығында да біздің тоқсаныншы жылдардан бастап көтерген ұрандарымызбен толық үндеседі деуге болады. Енді әңгіме осы айтылған сөздердің мемлекеттік деңгейдегі бағдарламаларға, заңдарға айналуы.

Мақалада, Мемлекет басшысы Наурыз мейрамының тұжырымдамасын жасауды ұсынды. Тарихи фильмдер түсіруді тапсырды. Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді білу әрбір ел азаматының парызы, міндеті  деп атап өтті. Елдегі көші-қон мәселесіне де ерекше мән беріп, оңтүстік тұрғындарын солтүстік пен шығыс аймақтарға қоныстануға қолайлы жағдай жасауды қозғады. Баяулап қалған шеттегі қазақ қандастардың көшіне қайта қарқын беріп, қолдау көрсету туралы жазды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе, шекара маңындағы елді-мекендерде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз.


Белгілі саясаттауншы Расул Жұмалы мақаланы маңызды құжат, терең тұжырым ретінде қабылдағанын айтады. Таным мен тағылым. Ұлағат пен ұстаным. Руханият пен өркениет. Ұлттық көзқарас. Ұлттық мүдде. Мақала маңызы материал. Сайып келгенде әр қазақты ой-толғамға жетелейтін саналы бағдар. Саяси бағдарлама, дейді саясаттауншы.

Расул ЖҰМАЛЫ, САЯСАТТАНУШЫ:

Бұған дейін саясаткерлеріміз болсын, тарихшыларымыз болсын бірталай дәті бармаған, онша көтеруге қысылған мәселелерді көтерген. Кешегі мынау желтоқсан көтерілісін айта кетсем. Ашаршылық. 20-шы ғасырдағы басқа нәубеттер. Бұның барлығы меніңше сол 30 жылда қоғамның да өзгергені, биліктің де осы өзгерістерді сезініп жаңаша осы тұғырнаманы ұсынып отырғаны.


Мемлекет басшысы ел жастарына, Қазақстан патриотизмінің жасампаздық құдіретіне сенетінін білдірді. Қуатты ел, кемелді халық ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталады. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс деген ой түйді.

З. Санай