Табиғи уақыт белдеуінің ауытқуы адам денсаулығына аса қауіпті. Тобыл өңіріндегі дәрігерлер мен бастамашыл топ тағы дабыл қақты. Олар сағат тілін кері жылжытуды талап етіп жатыр. Қазіргі таңда Қостанай облысының стандарттық уақыты өзінің жағрафиялық белдеуінен 1 сағат 46 минутқа озып отыр. Сағат белдеуінің салдары жөнінде Заңғар Санай тарқатады.
Тобыл өңірінде уақыт белдеуі соңғы рет 2005 жылы өзгертілді. Содан бері аймақ тұрғындары жазғы уақытқа ауысу деген ұғымды мүлдем ұмытқан. Қазір таңертеңгі тоғызда дала тас қараңғы. Күн сағат онда шығады. Қостанайлық белгілі дәрігер –валеолог Надежда Жаркова уақыт белдеуінің ауытқуы әсіресе балалар денсаулығына кері әсер ететінін айтады.
Надежда ЖАРКОВА, ДӘРІГЕР-ВАЛЕОЛОГ:
Ұйқының қысқаруы денсаулыққа тікелей әсер етеді. Біріншіден адамның иммунитеті төмендейді, әлсірейді. Ұйқы кезінде организим қайта қалпына келеді. Тазарады. Өзге процесстер жүреді. Үнемі ұйқысы қанбаған баланың есте сақтау қабілеті де төмендейді.
Дәрігердің пайымын мұғалімдер де қолдайды. Дұрыс ұйықтамаған баланың сабаққа да зауқы болмайды , дейді.
Зәмзәгүл ДОСЫМОВА, МҰҒАЛІМ:
Бірінші, екінші сабақтар міндетті түрде математика сабақтары болады. Бұл жерде енді бала ұйықтап отырса, жартылай ұйықтап отыратын болса онда ол әрине баланың денсаулығына әсері тиеді. Өйткені бала қынжылады. Ренжиді. Ұйқысынан тұрғысы келмейді.
Алайда аймақ тұрғындары мен ауыл шаруашылық саласының өкілдері сағат тілінің кейін шегерілуіне үзілді-кесілді қарсы. Әсіресе ауылдықтар уақытты өзгертудің еш қажеттігі жоқ дегенді білдірді. Кәнігі диқан Борис Князев те бұған қарсы.
Борис КНЯЗЕВ, ДИҚАН:
Сағат тілін кейін шегерудің түк қажеті жоқ. Ондай жағдайда мәселен біз жұмыс уақытын жоғалтамыз. Мен өз жұмысшыларыммен, ауыл халқымен сөйлестім. Біз уақыт белдеуінің өзгеруіне түбегейлі қарсымыз. Қазіргі уақыттың қалғанын қалаймыз. Үйрендік.
Иә, бәзбіреулер үшін уақыт белдеуін өзгерту экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы да мүмкін. Бірақ әлеуметтік өзектілігін де ескерген жөн. Уақыт айырмасының қолайсыз әсерін алғаш көтерген журналист Нәзира Жәрімбетова табиғи ырғақтан ауытқудың аса қауіпті екенін тағы ескертті.
Нәзира ЖӘРМІБЕТОВА, ЖУРНАЛИСТ:
Бұл мәселенің енді экономикаға қатты бір әсері болмауы мүмкін. Білінбеуі мүмкін қазір. Бірақ мұның әлеуметтік өзектілігі өте күшті деп ойлаймын. Оның ең бастысы біздің биологиялық табиғи ырғақтан ауытқуымыз. Яғни бұл адамның ұйқысына қатты әсер етеді.
БЛИЦ:
- Керегі жоқ деп ойлаймын . Өйткені біз халық осыған үйреніп қалдық.
- Детям сложна вставать. Это однозачно. Я немогу например ребенка разбудить.
- Осы уақыт бола берсін. Бізге өзімізге ұнайды.
- Конечно то время было лучше. Мы сейчас утром идеем на работу темно, с работы порой возвращемся темно.
Қостанай мен Қызылорда облысының бір бойлықта жатқанын ескерсек, белдеуді белімен қауыштыру қажет. Өйткені Сыр өңірінде 2018 жылы сағат тілі кері жылжыған. Бастаманы қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев көтерген еді.
Болат НҰРҚОЖАЕВ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Орталық жаңағы министрліктің құзыретінде. Бұл Қостанай облысының әкімдігінің құзыретінде емес. Одан тіпті мен жаңағыдай ғылыми зерттеу жасасын, ия болмаса Қостанай облысы өз пікірін білдірсін деген нәрсе қате нәрсе. Қазақстан Республикасының уақыт өлшемін реттеу тікелей орталық органдардың міндеті.
Тобыл өңірін табиғи уақытымен теңестіру мәселесі жоғары мінберлерде көтерілді. Осыдан алты жыл бұрын Ольга Киколенко депуттатық сауал жолдап, аймақ уақытын 60 минутқа шегеру тұрғындардың жағдайына жақсы ықпал етеді, деп сендірген еді. Қомақты қаражат пен ғылыми зерттеуді қажет етпейтін мәселені шешуге не кедергі екені әзірге түсініксіз.
З. Санай