Пандемия отандық кәсіпорындарды қойып шетелдік компанияларды қыса бастағанға ұқсайды. Атырауда италиялық қосалқы мердігер кәсіпорын жұмысшылар жалақысын төлей алмай қалған. Еңбекақыны бермей қойған, «Gruppo RF Kazakhstan» жұмысшыларды жаппай қысқарта бастапты. "Нан алатын ақшамыз жоқ", шырылдаған жұмысшылармен Базаргүл Нәдірқызы кездесіп қайтты.
«Gruppo RF Kazakhstan» компаниясында отбасымен жұмыс істеген адамдар бар. Солардың бірі Жанар Айқынқұлова. Өзі сылақшы, жолдасы жұмысшы болып қазан айынан бері істеген екен. Ерлі зайыптылар, еңбекақысын қараша айынан бері көрмепті.
Жанар АЙҚЫНҚҰЛОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Күндіз де жасадық, түнде де жасадық. Қақаған аязда. Еңбекақымызды сұрап тұрмыз басқа ештеңе жоқ бізде. Үй жалдап тұрамын. 3 айдан кетті пәтердің ақшасын бере алмай отырмыз.
Әділет ЖОЛДЫҚҰЛОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жұмыс жасатады, сосын лақтырып тастайды. Айтатын сылтаулары бізде ақша жоқ. Әлі түспей жатыр. Итальядан ақша лақтырып жатыр. Банкке түспей жатыр. Обновление жүріп жатыр. Күнде алдау күнде алдау.
Әлимұрат САЛЫҚОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бұл кісілер ИП-ға ақша төлеген жоқ. шамамен 17 млн ақша бар алажақтары. Біздерге кредитіміз бар жабуымыз керек. Кредит жабылмай қалды. Күнде телефон соғады. Көтермейсің амал жоқ. Ақша берілмеген соң.
Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, шетелдік кәсіпорын көп заңды белшесінен басқан. Жұмысшылардың зейнетақы төлемі де аударылмапты. Ол, аздай еш ескертусіз жаппай қысқарту жүргізген. Қыстың ортасында 100-ге тарта адам далада қалып отыр. Компанияның Атыраудағы өкілдігі болса шан жуытар емес. Ерлі зайыпты Светлана Мұратова мен Стэфано Антимилер, "Италиялық құрылтайшы ақша аудармай жатыр", дегенді айтады.
Светлана МҰРАТОВА, «Gruppo RF KAZAKHSTAN» КОМПАНИЯСЫ МЕНЕДЖЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Италиядағы компания құрылтайшысы жағдайдан хабардар. Олар, жалақы қарызын толықтай жабамыз деген. Алайда, уәде орындалмады. Бізге осы айдың 10-да ақша жіберуі керек еді. Біз жұмысшылардың күтуін өтіндік. Медиациялық келісім жасалды. Алайда, компания "аудит" деп тағы кейінге шегерді. Біз «Базис-А» компаниясынан 20 миллион теңге алдын ала төлем алған едік. Ол қазан айының қарызын жабуға ғана жетті.
Еңбекақы қарызы өткін жылы қазан айында басталған. Бұл іске жергілікті шенеуніктер араласа алмай отыр. Өйткені, тексеріске 2023-ші жылға дейін мараторий жарияланған. Дегенмен, жұмысшылар шағымынан кейін Еңбек инспекция бұл істің тамырын басып көрмек.
Думан ӘБІЛОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қараша - желтоқсан бойынша жалақы берешегі туындап тұр. Шамамен 20 миллионнан астам. 85 адамның алдында. Бүгіннен бастап компанияда тексеріс тағайындаймыз. Заң бойынша 1айға дейін бірақ оны созбаймыз.
Айта кетейік, «Gruppo RF Kazakhstan» компаниясы - газ-химия зауытындағы «Базис-А» компаниясының мердігері. Кәсіпорын, полипропилен зауытында электростансасын салуы тиіс еді. Алайда, кәсіпорын жұмысшылар жалақысын төлей алмай, құрылыс тоқтап қалған. Осының салдарынан италиялық мердігер келісім-шарттан қағылды.
Б. Нәдірқызы