$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Енді көлік құжаттары кімдерден талап етілмейді?

AstanaTV
21.01.2021ж. 20:00
4585
Енді көлік құжаттары кімдерден талап етілмейді?

Бұдан былай, көліктің техникалық құжаты мен жүргізу куәлігін көрсетуді жол сақшылары талап ете алмайды. Жеке басты куәландыратын құжат жаныңызда болса болғаны. Бүгін Сенат депутаттары Заң жобасын қабылдап, Ақордаға жолдады. Сенаторлар жаңа ереже ел азаматтарын артық әкімшілік жауапкершіліктен сақтайды деп отыр. Бірақ бұл жаңашылдықтың шетелдік нөмірі бар көлік жүргізушілеріне еш қатысы жоқ. Толығырақ әріптесім Айя Мүтәлі айтып береді.

Темір тұлпар тізгіндеушілер үшін жағымды жаңалық. Бұдан былай техпаспорт пен жүргізуші куәлігін өзіңізбен бірге алып жүрмесеңіз болады. Ол үшін бұрынғыдай айыппұл да төлемейміз. Есесіне, жеке куәлігіңіз қасыңызда болуы шарт. Жол полициясы көліктің иесі екеніңізді сол арқылы растайды.

Нұрлан БЕКНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Полициядағы планшет бойынша қазіргі мынау цифрландыру аясында, мынау деректер, соның ішінде мынау ІІМ бүкіл базасына енгізілген. Автоөкөлік құралына қатысты деректер. Яғни, ол азаматтарға қолайлы жағдай туғызу мәселесі.

 
Ішкі істер министрлігі жаңа жүйені карантин кезінде сынап көрген. Олар интернеті қолжетімді емес аймақтарда деректер рация арқылы беріледі деп отыр. Мұндай жаңашылдық көлік жүргізушілерінің көңілінен шыққандай. Көбі «енді ұмытшақтығы үшін айыппұл төлемейтін болғанына» қуанды.

Айта кету керек, өткен жылдың өзінде ел аумағындағы 150 мыңнан астам адам «ұмытшақтығы» үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соның 6 мыңға жуығы елордалықтар. Оларға 5АЕК көлемінде айыппұл салынған.  Бұдан бөлек, тиісті құжаты болмаса да, көлік жүргізетін азаматтар да жоқ емес екен.  

Бауыржан ТОҒЖҰМАНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:  

Соттың шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылған. Яғни, автокөлікті жүргізуге тыйым салынған. Ондай азаматтар анықталып жатқан жағдайда, оларға әкімшілік іс сотқа жолданады. Сотпен шешім қабылдайды. Не әкімшілік жаза ретінде, қамауға алынады, немесе айыппұл салынады.


Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:  

Десе де, жаңа заң жобасы шетелдік жүргізушілер мен шетелдік көліктерге қатысы жоқ. Яғни олар өзімен бірге барлық қажетті құжатты алып жүруге міндетті.

А. Мүтәлі