Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Оралдықтарды тақырға отырғызған алаяқ ұсталды

AstanaTV
25.01.2021ж. 20:00
2523
Оралдықтарды тақырға отырғызған алаяқ ұсталды

Оралда шетелден арзан көлік әкелемін деп елдің ақшасын жымқырған алаяқ ұсталды. Талайды сан соқтырып, тақырға отырғызған жас жігіт қазір қамауда отыр. Әлеуметтік желідегі хабарландыруға алданып, ақшасын аударатындар неге азаймай отыр? Онлайн сауда жасауда нені білген жөн? Мамандардың кеңесі келесі бейнематериалда.

Жиған-тергенін танымайтын адамға ұстатып, артынан сан соғып қалғандар, сұқбат беруге келіспейді. Тамыр-танысынан ұялатындарын айтып, ақталды. Алданғандардың бірі телефонмен ғана тілдесті. Ол басқа елден арзан көлік әкеп беремін деген хабарландыруды, әлеуметтік желіден тауып алған.  

АСЫЛАНБЕК:

Ресейден 600 мыңға жағдайы жақсы көлік әкеп беремін деген кісінің картасына предоплата ретінде 200 мың теңгені аударып жібердім. Өйткені біраз адамға машина айдап әкелдім деп айтты. Бірақ үш ай өтті, көлік жоқ, телефоны да өшірулі. Сосын полицияға шағымданып, ақшамды қайтарып алдым.

Оңай ақша тапқысы келген 21 жастағы азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол бірнеше айдың ішінде оннан астам оралдықтың сеніміне кіріп, ақшасын алған. Жалпы соммасы 2 миллион теңге көлемінде қаражат иелерін қайтырылыпты. Күдікті бұрын істі болмаса да, басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Мөлдір САДЫРҒАЛИЕВА, БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:

Күдікті азамат Орал қаласы тұрғындарының 2 миллионнан астам теңгесін иемденіп кеткен. Полиция қызметкерлерінің жедел іс-қимылы нәтижесінде оның кім екені анықталып, қазір қамауға алынды. Оның басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Бірақ бұрын істі болмаған. Бүгінде жәбірленушілердің шығындары өндірілді.

Мамандардың дерегінше, онлайн сауданың көрсеткіші осыдан екі жыл бұрын, 1 пайызға да жетпейтін. Сауданың бұл түрінің өркендеуіне пандемияның да әсері мол. Сондықтан тұтынушы ретінде құқығыңызды талап ете алатын сенімді компаниямен ғана жұмыс істеуге кеңес береді.

Мақсат СЕРӘЛІ, ЭКОНОМИСТ:

Бізде көп адам Инстаграм желісін алады да, жеке адамның тұлғасына тапсырыс бере береді. Олай дұрыс емес, сіз компанияны сұрастыруыңыз керек. Қандай компания, ол қаншалықты дұрыс компания? Онлайн сауда-саттықтың көбісі бақыланбайды және олар салықтан жалтарады. Сондықтан сізге ол жерде түбіртек те берілмейді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Қазір бұл тәсіл алаяқтар арасында кеңінен таралыпты. Сондықтан кез-келген тауарды онлайн сатып аларда барынша мұқият болған жөн дейді сақшылар. Мысалы, былтырдың өзінде Батыс Қазақстан облысында 1163 алаяқтық дерегі тіркелген.

Е. Карин