Коронавирусқа қарсы вакцина жаппай мәжбүрлі түрде салынбайды. Тек еріктілерге ғана жасалмақ. Халықтың көкейіндегі сауалға бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жауап берді. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында қатысып, Денсаулық сақтау министрін сұрақтың астына алды. Дәрінің де қымбатшылығы жол бермеуді тапсырды. Ал министрі Алексей Цой елдегі эпидахуалды баяндады. Індетпен күресте жектілікті деңгейде бақылау жүргізе алмай отырған өңірлерді атады. Әріптесім Әлішер Өмірзақ, тақырыпты тарқатады.
Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:
Президент қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында басты тақырып - коронавирус төңірегінде болды. Елдегі эпидахуалды баяндауға асыққан болар, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жиынға өзге әріптестерінен жарты сағат ерте келді.
Оның дерегінше бүгінгі күні 6 облыс пен 2 мегаполис қызыл аймаққа енген. Министр Президентке үш өңірдің жұқтыру дерегі мен эпидахуал лайықты деңгейде қадағаланбай жатқанына шағым айтты.
Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарында эпидемиологиялық ахуалды жеткілікті деңгейде бақылау жүргізіліп жатпағанын атап өту керек. Осының салдарынан республикада коронавирус жұқтырған азаматтардың 40 пайызы - аталған облыстардың тұрғындары. Өңірлердің әкімдері тиісті әрі тиімді шектеу шараларын енгізіп, оның сақталуына баса мән беруі керек.
Министр наурыз айының аяғында корнавирус жұқтырғандар саны артуы мүмкін екенін тағы да айтты. Оның дерегіне сай, күніне жоқ дегенде 3 мың адам жұқтыруы мүмкін. Ал, одан да ушықтырып алсақ, күніне шамамен 6-9 мың адам жұқтыру да мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірінші жағдайда қатаң карантиндік шара енгізбеуге болады, ал екінші жағдайда медицина саласына салмақ түсірмеу үшін бірқатар талаптарды енгізу қажеттілігі туындайды,- деді. Бұл ретте Президент індеттен келген өлім-жітім дерегіне байланысты туған дауды еске салды. Аймақ басшыларын рейтинг қуып, жазадан қорыққандықтан статистиканы түзетуден аулақ болуға шақырды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Пандемия кезінде медициналық статистиканың нақтылығына қатысты мәселе өткір болды. Өңірлер рейтинг қуып және жазадан қорыққандықтан істің шынайы мән-жайын жасырды. Бұл өз кезегінде қабылданған шаралардың нәтижесіз болуына әкеп соқтырды. Пациенттердің тағдырына тікелей байланысты шешім қабылдағанда халық денсаулығының шынайы көрсеткішін білуге міндеттіміз.
Сондай-ақ Президент көптің көңілін күпті еткен, коронавирусқа қарсы екпе, ерікті түрде салынатынын айтты. Мәжбүрлі түрде болады деп елді дүрліктіргендерді, «арандатушылар» деп атады.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Вакциналау бойынша науқан ұйымдастырылған тәртіпте өтуі керек. Үкіметке әкімдермен бірлесе толыққанды дайындықты қамтамасыз етіп, 1 ақпаннан жаппай вакциналауға кірісуді тапсырамын. Отандық вакцина тиісті тестілеуден өтеді деген үміттемін. Солай болған жағдайда қазақстандық вакцинаны салдырамын.
Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:
Жақын арада елге коронавирусқа қарсы Ресейлік "Спутник V" вакцинасы жеткізіледі. Ал ақпанның бірінен бастап кеселге қарсы екпені егу науқаны басталады. Алғашқы кезеңде ресейлік, кейін отандық вакцина да пайдаланылмақ. Қазіргі уақытта QazCovid-in сынақтан өткізіліп жатыр.
Ә. Өмірзақ