Алты жылдан аспай қалды. Қостанай облысы Аманкелді ауданындағы Байғабыл елді-мекенінде 2014-ші жылы тұрғызылған су мұнарасы бүгін құлап қалды. Ал тұрғындары сусыз сергелдеңге түсті. Ауылға орталықтандырылған су желісі тартылған. Оған 156 миллион теңге жұмсалыпты. 6 жылдан бері тәулік бойы тоқтаусыз ауыз су пайдаланып келген бұқара енді тығырыққа тірелді. Елді-мекенде тәулігіне 4 сағат қана су беріледі. Жергілікті билік осылайша тұрғындарды мүлдем сусыз қалдырмаудың қамын жасауда. Мұнара құлаған күні қатты жел де соқпаған. Оның не себепті ортасынан опырылып түскені әзірге белгісіз. Аудан басшысы «су желісін қайта қалпына келтіру үшін кемінде 2 ай уақыт қажет» деп отыр.
Әмірхан АСАНОВ, АМАНКЕЛДІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Арнайы комиссия келіп тексеріп қарады. Бірақ ешқандай тұжырым жасаған жоқ. Не себепті құлағанын ешкім айта алмайды. Қазір оның себебін білу үшін темірін кесіп алып сараптамаға береміз. Содан ғана белгілі болады. Бізге қазір тезірек халыққа су беру басты мақсат. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
З. Санай