Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

"Nur Otan-ның" сайлауалды бағдарламасы аясында Керекуде 14 жоба жүзеге асады

AstanaTV
28.01.2021ж. 20:00
2087
"Nur Otan-ның" сайлауалды бағдарламасы аясында Керекуде 14 жоба жүзеге асады

Павлодар облысында "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша 14 жоба жүзеге асады. Әсіресе аймақта өзекті болып отырғаны - экология мәселесі. Сондықтан, мұны шешуді "Nur Otan" партиясы өз бақылауына алмақ. Партия сайлауалды бағдарламасында берген уәделерін, орындауды бастап кетті.

Павлодар – өндірісі өрге басқан қала. Алайда, оның адам денсаулығына тигізіп жатқан зияны да шаш етектен. Содан болар, өңір экологиясы көпшілікті толғандырған өзекті мәселеге айналды. Мұны шешуді енді "Nur Otan" партиясы қолға алмақ. Өйткені саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасында мәселе айқын орын алған.  "nur otan"-тар сайлаушылардан түскен шағымдарды елеп-екшеп, 14 жобаны жүзеге асыруға бел буды. Соның ішінде қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтарды 3 мың тоннаға дейін азайту көзделіп отыр.

Илья ТЕРЕНЧЕНКО, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ПО ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:


Біз алдымызға нақты жоспарлар қойдық. Елді-мекендерге мектеп, арурухана салып, ауылдарды таза ауыз сумен қамтып, жолдарды жөндеп, көшелерді абаттандырамыз, экологияны жақсартамыз - деп уәде бергенбіз. Осы уәделерді орындау мақсатында қарқынды жұмыстар жүргіземіз және ол жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуы да біздің басты мақсатымыз.


Партия мүшелері таңдап алған проблемалардың барлығы аймақтағы өзекті түйткілдерді қамтыған. Оның ішінде инженерлік желілерді жаңарту, елді-мекендерді таза ауыз сумен қамту, жол жөндеу және тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту сынды бірқатар жұмыстар бар.

Рахым ҚАСЕНОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Павлодар қаласының жолдарын жөндеу үшін 12 жобалық-сметалық құжат жасалды. Жобаның жалпы құны 42 млн. теңгені құрайды. Жолдың ұзындығы 20 шақырым. Оның ішінде жолдарды кеңейту жұмыстары да бар.

Партиялықтар сайлауалды бағдарламаның іске асу картасын 1 айдың ішінде әзірлемек. Жұмыстардың жүзеге асуын депутаттар бақылайтын болады.

Сандуғаш ҚАЛИЖАНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 
Халықтан көптеген шағымдар түсті. Олардың барлығын қарап шықтық. Енді мақсатымыз тұрғындардан түскен сұрақтарды шешу. Осы бағытта жаңа жасақталынған депутаттар проблемалардың  шешілуін қадағалауға алады.  

Партиялықтар облыс орталығынан шалғайда жатқан елді-мекендерді жаңғыртуға да көңіл бөлініп отыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша өңірдегі 170 ауыл, модернизациядан өткізу жоспарланған. Бірінші кезекте ауыз су, жол мәселелері шешілмек.

Ө. Қуанар