Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Республикалық клиникада орын жоқ

AstanaTV
28.01.2021ж. 20:00
2124
Республикалық клиникада орын жоқ

Алматыдағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық госпиталде орын жоқ. Клиниканың бұрынғы «апатты» деп танылған ғимараты, 10 жылдан бері қалпына келтірілмеген. Әріптесім Әсем Лесбек, орталыққа барып, ондағы қариялармен тілдесіп қайтты. Орын тапшылығы қашан шешілмек? Сауалға жауап іздеп көрді.  

95 жастағы қария Иван Шевцов, Семей қаласынан Алматыдағы республикалық клиникаға жыл сайын келеді. Биыл да ем-дом алуға арнайы келіпті.  

Иван ШЕВЦОВ, ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Басқа ауруханаларға барғым келмейді. Өзімді осында әлде-қайда жақсы сезінемін. Жылына екі-үш рет келуге де қарсы емеспін. Жасым болса 95-те. Бізге әрине күтім қажет.

Ардагер клиникаға жатуға алдын ала өтініш беретінін айтады. Сондықтан болар орын тапшылығын көрмедім деп отыр. Бұл емдеу орталығында Ұлы Отан соғысы ардагерлері ғана емес, Ауған, Чернобыль апаты, Семей полигонының зардабын тартқандарда бар.

Нұрғиса ӘБІЛҒАЗЫҚЫЗЫ, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына полигонның зардабын шеккен адамдармыз ғой. Міне немереммен келдім. Бұл да сол полигоннан ауырады. Қол-аяғы барлығы. Бірінші рет келдім. Келсемде мұнда жақсы емдегенін көріп отырмын.

120 төсек орны бар клиникада қазір бос орын жоқ. Орталық директоры госпиталдағы емделушілер саны жыл санап артып келеді дейді. Мәселен, бұдан 5 жыл бұрын мекеме жылына 2600 адамды ғана қабылдаған. Ал былтыр бұл көрсеткіш 3000-нан асып кетіпті. Биылда мемлекет мекемеге 3 мың 265 адамды емдеуге квота берген.

Дамир ДӘУЛЕТБАЕВ, АЛМАТЫ қ. ҰОС МҮГЕДЕКТЕРІНЕ АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ ГОСПИТАЛЬ ДИРЕКТОРЫ:
 
Он алтыншы жылы 2648 ауру емделіп шыққан. Былтырғы жылы 3046 ауру емделіп шықты. Биыл біз 4 мың ауруға тапсырыс сұрадық. Бірақ біздің тапсырысымызды өкінішке орай азайтып тастады. Енді министрлікке, сақтандыру қорына басшыларына жазып жатырмыз. Мемлекеттік тапсырысты бізге көбейтіп беріңіздер деп.

Мекеме басшысының айтуынша, госпитальға келуге ниеттілердің қарасы қалың. Бірақ орын тапшылығына байланысты кезекпен шақыртуға мәжбүр. Мекемеге тиесілі ескі ғимарат жаңартылса, келушілер саны да артатынына сенеді. Бұл мәселені мәжілісмендерде көтерген еді.   

Арман ҚОЖАХМЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Госпитальдің бұрынғы ғимараты 2010-шы жылы болған жер сілкінісінен кейін апатты деп танылды. Пайдалануға тыйым салынды. Салдарынан төсек-орын қоры 90 орынға азайды. Қазіргі емдеу мекемесінде орын жеткіліксіз болғандықтан, ардагерлердің дер кезінде қажетті ем ала алмайды.


Клиниканың басшысы қазір ескі нысанның орнына салынатын жаңа ғимараттың жобалық-сметалық құжаты дайын екенін жеткізді. Тек қаражат бөлінгенін күтіп отыр. Ал қаржы бөлініп, құрылыс қашан басталатынын білмейді. Бұл сауалды жергілікті атқамінерлерден бізде сұрастырып көрдік. Бірақ жауаптылардан жауап алу қиынға соқты. Әкімдікте 10 жылдан бері мәселені шешетін маман табылмағаны ма? Дегенмен ардагерлер орталықта орынның көбейгенін қалайды. Өйткені, квотамен кезек күту қарияларға оңай емес деді.
 
Сергей РЯБОГИН, АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Бұл менің мұнда бесінші рет келуім. Аймақтардағы ардагерлердің барлығы да осында ем қабылдағысы келеді. Оларда мен сияқты квота арқылы өз кезектерін күтуге мәжбүр.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Айта кетейік, ел аумағында Отан соғысы мүгедектеріне арналған екі мамандандырылған госпиталь жұмыс істейді. Бірі Алматыда. Мқұнда 120 орынға арналған болса, екіншісі 80 орындық Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.  

Ә. Лесбек