Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Атырауға демеушілікпен берілген 30 автобус Ақтау қаласындағы жолаушылар тасымалында жүр

AstanaTV
02.02.2021ж. 20:00
1994
Атырауға демеушілікпен берілген 30 автобус Ақтау қаласындағы жолаушылар тасымалында жүр

Керексіз қалған сыйлық. Атырауда ірі компанияның демеушілігімен сыйға берілген 30 автобус, қалай екені белгісіз Ақтауда жүр. Көрші облыс керегіне жаратып, орталықта жолаушылар тасымалдауда. Алғашында облыстық әкімдіктің иелігінде болған Ankai маркалы қоғамдық көліктер Ақтауға не үшін берілді? Тілшіміз анықтап көрді.

Бұл 2019 жылдың шілдесі - Теңізшевроил компаниясының автобустарды салтанатты табыстау сәті. Қымбат тартуға аймақ шенділері де, халқы да дән риза. Өйткені шаһар халқын тасуға көлік жетпей, жолаушылар шағымы тым көбейген. Мұнайлы астананың жолаушылар тасымалы мәселесін шешу үшін  берілген автобустар алдымен әкімдік балансында болды. Кейін «Атырау» кәсіпкерлік  корпорациясы меншігіне өтеді. Көп ұзамай корпорация еншілес «Akzhayik Avtopark» компаниясын құрып, оған 6 жылға бөліп төлеу келісім шартымен лизингке берген. Қолдан қолға өткен автобустардың құны – 1 млрд 200 млн теңге.  Кәсіпкерлік корпорациясындағылар бұл автобустар біздің меншікке тегін өткен жоқ, - дейді.

Гүлжаухар ЫСЫҚБАЕВА, "АТЫРАУ" ӘКК ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

Әкімдіктен өзара акция есебінен алдық бұл автобустарды. Автобустардың құны - 1 млрд 200 млн теңге. Біз одан әрі еншілес компаниямыз «Akzhayik Avtopark» компаниясына 2024 жылға дейін бөліп төлеу келісім шартымен лизингке бердік. Үстеме ақша қосқан жоқпыз, тек НДС қана есептеледі.  

Ал 6 жылға лизингке алған автопарк, оны 1 жылға жетпейтін уақыт қана пайдаланған. Метанмен жүретін қытайлық 170 автобус алған соң, сыйға келген 30 көлік паркте қаңтарылып тұрған көрінеді. Көп ойланбастан көрші Ақтау қаласына жалға беріп жіберген. Мұны да әлеуметтік корпорациядағылар айтты. Ал автопарк басшылығымен тілдесу мүмкін болмады. Есесіне ақтаулық жолаушылар тасымалы компаниясы мәз. Су жаңа көліктер жұмысымызды алға бастырды деп отыр.
 
Аслан ЖАКБАЛИЕВ, АҚТАУ қ. «КАСПИЙ АВТОПАРК» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

70-75 мың шақырым ғана жүрген. Двигателінің жағдайы өте жақсы.  Бізді қала әкімдігі шақырып, ұсыныс айтты. 30 автобусқа «Akzhayik Avtoparkке» жалға алғанымыз үшін 19 миллион теңге төлейміз. Біз оны 5 жыл бойы пайдаланбаймыз. Біздің өз жоспарымыз бар. 1 жыл  бір жыл жарым ішінде паркті жаңарту жоспарда бар.

Ал сыйға келген автобустардың  игілігін өзге қала тұрғындарының көргені ақылға сыйымсыз ,- дейді заңгерлер. Тіпті заңдылық тұрғыда тексерсе, шикілік шығуы әбден мүмкін екендігін айтады.

Айдос ИБРАЙЫМОВ, ЗАҢГЕР:


Халыққа осындай автобус тегін беріп, болашақта жүрген төлемақысын төмендету сондай ойлары болған ғой. Ал қазіргі кезде басқа бір үшінші адам тектен тегін келген автобусты пайдаланып  одан пайда көріп отыр. Сондықтан оны заңсыз деп есептеймін. Оны түпкілікті тексеру керек құзыретті органдар. Лизинг бойынша тағы бір күлкілі жағдай деп айтуға болады. Мысалы лизингке беріп тұрмыз деген қалай.  

Сыйға берілсе де, керексіз боп қалған автобустар алдағы алты жылға Ақтау қаласындағы жолаушылар тасымалы үшін қызмет етпек.

Б. Надирқызы