Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беру бәсекелестік тудырады

AstanaTV
04.02.2021ж. 20:00
2310
Жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беру бәсекелестік тудырады

Жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беру бәсекелестік тудырады. Ал ол өз кезегінде білім сапасының артуына септігін тигізеді. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Думан Айтмағамбетов осындай пікірде. Бұдан бөлек енді әр жоғарғы оқу орны жеке брендке айналып, студенттер оқу орындарын білім беру сапасына қарай таңдайтын болады. Бұл білім саласындағы соңғы өзгерістер. Ал 30 жылда қандай жетістіктерге жетті? Ол жайында келесі бейнематериалда.

Мадияр білім қуып Батыстан елордаға келген. Бүгінде Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті. Шет тілдерін меңгеріп, ел игілігіне қызмет етуді көздейді.

Мадияр КӨШБАЕВ, Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ СТУДЕНТІ:

Бұл университетке түскеніме қуаныштымын. Ата-анамда қуанды. Бал күннен арманым еді. Сондықтан Ақтауда емес Елордаға баруға бірден шешім қабылдадым. Бүгінде бірнеше шет тілінде сөйлеп, үйреніп келемін.

Ел астанасын Алматыдан көшірілгенде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұнда жаңа жоғары оқу орындарын ашуды мақсат еткен. Ал бүгінде сол мақсат жүзеге асып, бас қала білім қуған жастардың орталығына айналды.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ- ЕЛБАСЫ:

Қала келешекте ғылымның қаласы болу керек. Ең мықты жоғарғы оқу орындары осында болуы тиіс. Халыққа қызмет көрсететін теңдесі жоқ медициналық мекемелерде осы қалады болуы қажет.


Бүгінде елордада өз жетістіктерімен көзге түскен 16 жоғары оқу орны бар. Ал Назарбаев халықаралық университетінің ашылуы да талантты жастардың шетелде ғана емес, елде білімін жалғастыруға мүмкіндік берді. Бар болғаны 10 жыл ішінде Орталық Азиядағы мықты университеттердің қатарынан табылды.

Шигео КАТСУ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


10 жыл – көп уақыт емес. Әлемдегі алдыңғы  университеттердің ғасырдан астам ғұмыры бар. Біз де жыл сайын дамуды жалғастырып, діттеген мақсатымызға жақындап келеміз. Арнайы нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс істеуге мүмкіндігің болуы қысқа ғана уақытта жетістіктерге жетуге өз септігін тигізді.


Ал күні кеше Білім беру мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілген түзетулерге байланысты енді әр жоғары оқу орны академиялық еркіндікке ие болды. Өз білім беру жүйесін енгізіп, өзіндік үлгідегі диплом да бере алады.  

Думан АЙТМАҒАМБЕТОВ, Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ ПРОРЕКТОРЫ:

Министрліктің бұл ұстанымы Жоғары оқу орындары арасындағы бәсекені арттырады. Яғни сапалы білімге көбірек басымдық беріліп, студенттерді өз қатарына қосуға тырысатын болады. Университет өзі дұрыс деп тапқан шешімді бұрынғыдай министрлікке жүгініп, бірнеше қағазға қол қойдырып та әуре болмайтындығы қуантарлық жағдай.

Сондай-ақ бүгінгі күні "Мемлекеттік грант" арқылы оқуға түскен студенттердің грантты жұмыспен өтеу шарттары жеңілдетілді. Енді түлектер тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істеп, гранттарын өтей алады.

Ә. Өмірзақ