Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Қазақстанда онкологиялық ауру жылдан-жылға жасарып барады

AstanaTV
04.02.2021ж. 20:00
2187
Қазақстанда онкологиялық ауру жылдан-жылға жасарып барады

Қазақстанда онкологиялық ауруға шалдыққандар артып келеді. Дәрігерлер кеселдің жылдан-жылға жасарып бара жатқанына алаңдаулы. Жыл сайын қатерлі ісіктің 36 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі екен. Бүгінгі күні диспансерілік есепте 190 мың науқас тұр. Аты жаман кеселден жылына 14 мыңнан астам адам бақилық болады. Әріптесім Асылбек Данияр көпсалалы медициналық орталықта болып, дерті емдеу жолдарын көріп қайтты.

Жетпісті алқымдаған Бексұлтан қария, қатерлі ісік ауруына шалдыққанын өткен жылдың күзінде білген.  Іш құрылысы ауырып, ауруханаға түсіпті. Медициналық тексеріс кезінде ауыр дерті анықталғанын айтты. Көп ойланбастан, бас қалаға келуді жөн көрген. Мұндағы көп салалық медициналық орталықта 11-қаңтар күні ота жасатыпты. Ішек жолына шыққан жараны алып тастау операциясы 3 сағатқа созылған.

Бексұлтан МАҚАШЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Рактың да түр-түрі болады дейді ғой. Тарап кетейді дейді, қауіпті дейді. Әйтеуір уақытында операцияны жасап, өсіп тұрған етті алып тастадық. Әрі қарай жоқ, бәрі жақсы деп айтып жатыр ғой енді. Мен дәрігерлерге өте көп алғысымды айтамын. Дәрігерлер барлық емін бітті, тиісті анализдерді алды. Бүгін енді үйге шығарайын деп жатыр.

22 жылдық тәжірибесі бар онколог маманның айтуынша, асқазан, өкпе, сүт безінің қатерлі ісігі көбейген.  Әсіресе, сүт безі 2008 жылдан бастап бірінші орында екен. Дәрігер салауатты өмір салтын ұстанбаудың соңы ауруға әкелетінін ескертті.

Бақтыбай ОРАЗБЕКОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. КӨПСАЛАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ЕМДЕУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:


Осы үш ағзада ең көп кездесетіні қатерлі ісік. Енді терінің қатерлі ісігі, мелономасы деген ауру бар. Олар жеңіл емделетін болғандықтан, оларды мен тізімге қосқым келмеді. Терінің қатерлі ісігін алып тастасаң емделіп кетеді бірінші, екінші сатысында. Одан кейін біз  5 жылдан кейін есептен де шығарып тасатаймыз.


Қатерлі ісік ауруын емдеу бойынша да, Қазақстан алдыңғы қатардағы елдердің бірі. Тіпті, біздегі озық  құрылғылардың бірқатары ТМД елдерінің барлығында кездесе бермей көрінеді. Ал, науқастарды сауықтыру  әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жүргізіледі екен. Хирургиялық, радиологиялық, химиялық жолмен жасалатын емдеу әдістері де жоғары деңгейде қолға алынған деп отыр.

Бақтыбай ОРАЗБЕКОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. КӨПСАЛАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ЕМДЕУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

30 жылдың ішінде ең атап айтатыным, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағынан елімізді алдыңғы шепте деп айтуға болады. Алыс шетелдердің өзінде химия препараттар мен таргеттік препараттар өте қымбат. Сол дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етуге біздің мемлекет барлық жағдайды жасап жатыр.

Қатерлі ісік ауруларымен күрестегі озық технологиялардың қолдануы, Елбасының көрегендігін көрсетсе керек. 3 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев астанада онкологиялық орталық салуда тапсырған еді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ:

Бізде кардиохирургиялық және нейрохирургиялық кластерлердің бойынша жасақталған тәжірибеміз бар. Соған сүйене, жаңа астанада онкологиялық орталықты салуымыз қажет. Екі жылдың ішінде бұл жұмыс аяқталуы шарт. Биылдан қалдырмай іргетасын қалап, әлемдегі ең жақсы жабдықты орнатыңдар.

Дегенмен ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген абзал. Дертті неғұрлым ерте сатыда анықтаса, соғұрлым емдеу оңай болады деді дәрігерлер. Сондықтан уақытында медициналық тексеруден өтуге кеңес береді. Айта кету керек, халықты скринингке өткізуге жыл сайын шамамен 4 млрд теңге бөлінеді.

А. Данияр