Батыс Қазақстан облысы тұрғындары малына азық таппай, төрт түлігін етке өткізе бастаған. Былтыр жаздағы қуаңшылықтан қатты қысылған шаруалар енді жем-шөп таппай дағдарып отыр. Өйткені биыл өңірдегі өзен-көлдерге су жеткілікті деңгейде келмеген, бұл аздай жарытып жаңбыр да жаумаған. Шамасы жеткен ауыл халқы шөпті басқа аудандардан тасуға көшкен.
Қадыр Имашев үйіндегі бала-шағасынан бұрын қорасындағы қой-ешкісіне шөп таппай жүр. Былтыр шөп бітік шықпағасын, қысқы мал азығын жеткілікті етіп қамдай алмапты.
Қадыр ИМАШЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Жаңақала ауданында су жоқтығына байланысты шөп нашар өте, жоққа жақын. Біз шөп ала алмадық азын-шоғын малымызға. Шөп қымбат. 5-6 бас малым бар. 5-6 рулон алғам, қыстың ортасына жетпей бітіп қалды.
Мал азығының тапшы екенін, аудан әкімі де мойындайды. Айтуынша, өзіне қарасты 9 ауылдық округтің бесеуі шөптен тарығып отыр.
Наурызбай ҚАРАҒОЙШИН, ЖАҢАҚАЛА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Мал азығының тапшылығы бар. Қол қусырып отырғам жоқ. Ауданның малын 100 пайыз сақтау үшін төтенше жағдайдың алдын-алу мәселесі қаралып, облыспен келісіліп, бюджеттен ақша қаралды. Просто үш жылға созылған қуаңшылыққа байланысты ауданымыздағы шаруа қожалықтарының өзінде халыққа сататын шөбі болмай, біз басқа өңірлерден сатып алып отырмыз.
Аудан әкімі бюджеттен бөлінген 14 миллион теңгеге көлік жалдап, ауылдықтарға шөптің рулонын 10 мың теңгеден жеткізіп отырмыз деп сендірді.
Нұргүл МҰҚАНОВА, БҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Мал азығының жетіспеушілігінен облыста мал қырылып жатыр деген ақпарат ресми тіркелген жоқ. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жаңақала ауданында шөптің шығымы аз болған болатын. Жаңақала ауданына 2200 бума шөп жеткізілді және 62 тонна жем жеткізілді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы болса, өңірде мал азығын дайындау жоспары асыра орындалғанын айтудан жалықпайды. Дегенмен ауылдағы ағайын қағаздағы әдемі деректің төрт түлікке азық болмайтынын жақсы біледі. Басқа ауданнан әкелінген арзан шөпті сатып алуға ақшасы жетпегендер енді малын етке өткізіп құтылуда.
Е. Карин