Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Бір ғана дыбысты жоғалту тілге қауіп төндіреді - лингвист Ербол Тілешов

AstanaTV
12.09.2017ж. 20:00
4335
Бір ғана дыбысты жоғалту тілге қауіп төндіреді - лингвист Ербол Тілешов

Латын әліпбиіне көшуде бір ғана дыбыстың жоғалуы тілге үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан бұл мәселеге аса мұқият қарап, көппен бірлесіп, халық талқысына салып барып қабылдаған жөн. «Астана» арнасындағы «Қайырлы таң» бағдарламасының студиясына келген тілдерді дамыту орталығының директоры Ербол Тілешов осылай деді.

Күні кеше қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы парламент тыңдауына шығарылған-ды. Ұсынылған әліпбиде төл дыбыстарымызға диграф жүйесі қолданылған. Яғни екі әріптің қосарлануынан бір дыбысты білдіру, заманауи гаджеттерде сауатты жазуға мүмкіндік береді. Жаңа әліпбидің тағы қандай тың тұстары бар екенін әріптесім білуге тырысты.

Латын әлібпиіне көшу аясындағы жаңа нұсқада келтірілген қазақ қаріптері төңірегінде ел арасында қызу талқылау жүріп жатыр. Бірі аты-жөнінің қалай жазылатынын көріп таңданса, енді бірі диграфтарды алып тастап, төл дыбыстарымызды кей әріптердің үстіне нүкте я үтір қою арқылы белгілеуді ұсынады. Алайда, нұсқаны зерттеген мамандар, гаджеттер мен компьютерлерде сауатты жазу үлгісін жүргізуге кешегі ұсынылған нұсқа жақсы келеді, дейді. Мұны арнамыздың таңғы бағдарламасына қонаққа келген Ербол Тілешов те қостап отыр.

Ербол Тілешов, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту орталығының директоры:

Мына «ң» әріпін айта алмай жүрміз ғой әлі біз, ертең күндердің күнінде «ә»-ні айта алмай қаламыз. Түріктер Кемаль Ата түріктің кезінде «қ» дыбысын әліппесіне енгізбеді. Бұл қате болды. Қазір 90 жылдан кейін түріктер «қ» дыбысын жоғалтып алды. 1 ғасырдың ішінде түріктер қазір Карадениз дейді. «Қара» деген сөз болған 100 жыл бұрын, жоғалтып алды. Әзірбайжан түрік алфавитіне еліктеймін деп, жоғалтып алып, қайта соңғы реформада енгізді. Бір дыбысты жоғалту - ол тілге деген қауіп. 

Салыстырма үшін алсақ, ағылшын тілінде 44 дыбыс бар. Олар оны 26 таңбаға сиғызған. Ал, қазақ тілінде 28 дыбыс бар, оны 42 таңбаға сидырып келгенбіз. Ұсынылған 25 әріпте ешбір дыбыс жоғалмайды. «Бастысы осы», - дейді тіл мамандары.

Дәуренбек Бақдәулет , тілші:

Негізі, үңіліп көрсек, бұдан қорқудың қажеті  жоқ сияқты, мысалға, француздардың атақты автосы жазылғанда  «рeugeot» деген 7 әріппен таңбаланса да, оқылғанда пежо деп оқылады, ал жақында өткен ЭКСПО көрмесіндегі ұран future energy деп жазылғанымен, фючи энерджи деп қана оқылады. Бұл осы елдердің төл дыбыстарын жоғалтпау үшін жасалған. Ұсынылып отырған әліпби де осы стандарттарды ұстаныпты.

Жаңа реформаны білім және ғылым министрлігі де қос қолдап қолдап отыр. Ерлан Сағадиев алдағы уақытта әліппені жаңа алфавит негізінде басып шығаруды қолға алатындарын айтты. Мамандар, жаңа әліпби төңірегіндегі мәселеде қоғамның белсенділік танытуы - заңдылық, дейді.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

25 әріп болғаны маған ұнайды. Енді асығыс жоқ, уақытымыз бар. Дұрыстап талқылап, ұсыныс алып, биыл әліппені қабылдасақ, сосын оны енгізу кестесін жасап, әрі қарай жұмыстарды жалғастыруға болады.

Дихан Хамзабекұлы, Еуразия ұлттық университетінің проректоры:

Бұның барлығын табиғи үдеріс деп қабылдау керек. Қай әліпби қабылданса да, кезінде осындай проблемалар болған. Оған ғалымдар ұстанымы айқын. Біріншісі - латын қаріпіне көшу, екіншісі - клавиатураның бар мүмкіндігін пайдалану.

Айтпақшы, көпшілік төл құжаттардың, кітаптар мен ақын жазушылардың жазбаларын жаңа қәріпке көшіруде қиындық бола ма деп алаңдаушылық білдірген. Бірақ бұған негіз жоқ сияқты.

Ербол Тілешов, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту орталығының директоры:

Кеше парламент қабырғасында «Атилла» компаниясының өкілі латынға көшуде 1 600 беттік «Абай жолы» романының 3 секундта аударылатынын көрсетті. Көз ілеспейтін жылдамдықпен аударып береді. 

Елбасының тапсырмасына сай, 2025 жылға қарай іс-қағаздары мен оқулықтар латын қаріпіне көшіріле бастауы керек. Қазір 3 жылдық бюджетті жоспарлауда жаңа әліпбиге көшу жұмыстары үшін қаржы министрлігі 250 млн теңге бөліп үлгерді. Ал лингвисттер, халық тарапынан түскен ұсыныстар түгел тыңдалады, дәйекті болса, негізге аламыз, дейді.