Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Сенат отырысында қараусыз қалған уран кеніштерінің мәселесі көтерілді

AstanaTV
11.02.2021ж. 20:00
1683
Сенат отырысында қараусыз қалған уран кеніштерінің мәселесі көтерілді

Сенаторларды қараусыз қалған уран кеніштері алаңдатады. Депутат Сергей Ершов, жоғары палата отырысында республика бойынша олардың саны аз еместігін және ауыл маңына жақын жатқанын айтты. Ал онда әлі де радиациялық қаупі бар деді. Сенатор бұл тек ойын баласына ғана емес, ересек тұрғындар үшін де қауіпті екенін алға тартып отыр.

Сергей ЕРШОВ,  ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

 
Степногорскіде және басқа да қалаларда өз көзіммен көрдім. Ондағы кен орны мен техника қараусыз жатыр. Радиация бар. Ешқандай күзет жоқ, ал онда жақын ауданда тұратын адамдар, балалар жүр. Бұл өте қауіпті. Министр мырза, бұл мәселені қалай шешпексіз?


Заң жобасын таныстыруға әкелген Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, қарастырылып жатқан құжатта радиациялық және ядролық қауіпсіздік туралы нормалар бар екенін атап өтті. Егжей-тегжейлі жауапты хат арқылы жеткізетінін хабарлады. Ал, сенатор Нариман Төреғалиев мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап салынатын үйлердің санын арттыру қажеттілігіне тоқталды. Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында үй кезегінде тұрғандардың үміттен гөрі күдері басым екенін айтты.

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:


Мүгедектерге арналған тұрғын үй қорын ұлғайту қажет. Мүгедек адамдарымыз ұзақ жылдар бойы баспананы тұрғын үй кезегі арқылы алуға болатынынан күдер үзіп, күмәнмен қарайтын жағдайға жетті. Оларға берілген пәтерлер іші уәкілетті орган бекіткен ережелерге сәйкес мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттілігінен туындайтын санитарлық талаптарға сай жобаланып берілуі керек еді. Алайды бұл талаптар орындалмауда.


Ә. Өмірзақ