$494.87 €520.65 ₽4.91
×

22 мыңға жуық халқы бар Жаңатас қаласында жылу қазандығы істен шықты

AstanaTV
11.02.2021ж. 20:00
3843
22 мыңға жуық халқы бар Жаңатас қаласында жылу қазандығы істен шықты

Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласы жылусыз қалды. Өйткені, орталық қазандық істен шыққан.  Тұрғындар пәтер ішінде қабат-қабат киініп, электр пештерін жаппай қосып жатыр. Неше күннен бері тонып отырған 22 мыңға жуық халықтың жанайқайы келесі бейнематериалда.

Жылу 9-шы ақпанда өшкен. Осының салдарынан 92 көпқабатты тұрғын үй, 41 бюджеттік мекеме, 11 білім беру және 2 денсаулық сақтау нысаны жылусыз қалған. Қақаған аязда абдыраған жұрт әлеуметтік желіге жазып шу шығарды.

Қалмырза ЖАНДАРБЕК, ЖАҢАТАС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Мына ел азаннан бері шырылдап тыныштық бермей жатыр. Бағана әсіресе үрейімізді алғаны қазандық жарылды дейді. Бірақ қазандық жарылмапты. Сөйтсек кінәсі майдың жоқтығы. Мазуттың жоқтығы.

Аида АҚЫБЕКОВА, ЖАҢАТАС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Қосылған жоқ әлі. Әлі отырмыз дірілдеп. Суымыз мұздай. Отоплениеміз жоқ. Екі пешімізді қосып отырмыз. Бала-шағамызбен жаурап отыр. Пластикамыз уілдеп тұр. Кешеден бері котельниге звондасақ мазут жоқ деп отыр. Әкімшіліктегілер міне аварины болып жатыр деді. Қайсысына сенерімізді білмей отырмыз.

Сәлима ЖАРҚЫНБЕКОВА, ЖАҢАТАС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Бірінші топтағы мүгедекпін. Көзім көрмейді. Аяғым жүрмейді. Төсекте отырған адаммын. Үш күн болды қазір. Не айтсақ, звондасақ алмайды. Бұл не боп жатқанында білмей отырмыз. Бәріміз тоңып, міне. Плитка қосып, оның өзі де болмай жатыр.

Ал, Сарысу ауданы әкімі қазандық іске қосылды дейді. Бүгін таңғы сағат 7:00-ден бастап жұмыс істеп тұр деп ақталды. Соған қарамастан көпқабатты тұрғын үйлерге жылу әлі жетпеген. Тұрғындар біріннен кейін бірі жылу жоқ деп дабыл қағып жатыр. Қазір оқиға орнына арнайы құрылған жұмыс тобы жеткен.

Бақытжан ЖАҚСЫЛЫҚОВ, САРЫСУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
 
Мазуттық резервуарлардың ішінде және мазуттық құбырлардың ішінде, соған байланысты құрылғылардың толық конденсат алу, төгу жұмыстары атқарылған болатын. Жылу желілерінде температуралық нормаға сәйкес көтеру шаралары қабылдануда. Мердігердің жұмысы мазуттың сапасына байланысты толық зерделеніп тиісті шаралар заңның аясында қабылданатын болады.
 

Анықталғандай  қазандықтың істен шығуына мазут отынының таза болмауы себеп болған. Мамандардың айтуынша отынның  құрамында конденсат көп мөшерде жиналып, жанбай қалған. Енді мазутпен қамтамасыз етуге міндетті мердігер жауапқа тартылуы мүмкін. Ал, жергілікті әкім жылу мәселесі бүгін таңға дейін толық шешіледі деп сендіріп отыр.

Б. Жұмабай