Елде амбулаториялық-емханалық қызметтердің бағасы қымбаттады. Өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда емдеу мекемесіндегі қызметтер 6,3 пайызға артқан. "Energyprom.kz" сайтының талдаушылары осындай ақпаратымен бөлісті. Әсіресе, медицинадағы тариф өскен. Мамандардың пайымынша бұл өзгерістің COVID-19 пандемиясына қатысы жоқ. Онда бұған не себеп? Жауапты мекеме себебін қалай түсіндірді? Әріптесім Асылбек Данияр сауалдарға жауап іздеп көрді.
Амбулаториялық қызметтегі бағаның өсуі өткен жылдың желтоқсанында басталған. Бір жылдың ішінде амбулаториядағы дәрігерлердің қызмет ақысы 4,9% -ға, дәрігерге алғашқы жазылу құны - 7,3%, екінші қайтара қабылдау 4,9% -ға өскен. Ал стоматологиялық қызметтер - 7,4%-ға қымбаттаған. Медициналық зертханалық қызметтердің де бағасы - 3,2% артып отыр.
Емханадағы ақылы қызметтердің қымбаттағанын қала тұрғындары да жоққа шығармады. Айтуларынша, дәрігерлерге тегін қызметін пайдаланудың машақты көп.
БЛИЦ:
- Гинекологқа жазылдым, УЗИ бар, анализы бар сонымен бәрі 10 мың теңге. Қымбат иә, қымбат. Жай ғана қабылдауға жазылудың өзі 6 мың теңге. Негізі алдындары 3500, 4000 теңге болатын. Қазір 6 мың теңге, УЗИ-мен қосқанда 10 мың теңге.
- 7 мың теңгеге тісімді емдеттіп. Алдындары арзан тұғын, 3 мың теңгенің шамасында еді. Ақысына сай емес бұрынғы салғаны сол бұрынғы, алдынғы тәсілдерімен емдеп жатыр. Шетелден келетін дәрі бар дейді, содан бағас өсіп жатыр деп айтты.
Республиканың өзге өңірлерінде де дәрігерге алғашқы жазылудың орташа бағасы үш жарым мың теңгеге дейін өскен. Ең қымбат қызмет Атырауда, керісінше ең арзаны Түркістан облысында екен. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қазіргі таңда зертханалық диагностика қызметке жүгінетіндердің көптігін мәлімдеді.
ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
2021 жылы жан басына шаққандағы кешенді тариф бойынша тарифтің өсуі 15,5%-ды құрады. Амбулаториялық-емханалық деңгейдегі консультациялық-диагностикалық көмектің құны орта есеппен 15% - ға өсті. Емханалар арқылы көрсетілген барлық консультациялық-диагностикалық қызметтің негізгі бөлігі медициналық сақтандыру есебінен төленгенін атап өткен жөн.
Экономисттер емхана қызметінің қымбаттауына бірнеше фактор себеп болуы мүмкін екенін айтады. Дәрі-дәрмектің шетелдерден импоротталуы, оған қоса мемлекеттік емханалардағы медициналық қызмет сапасының төмендігімен байланыстырды.
А. Данияр