$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Онкологиялық ауруды ерте анықтауға бөлінген қаражат дұрыс игерілмеген, - депутат

AstanaTV
17.02.2021ж. 20:00
1858
Онкологиялық ауруды ерте анықтауға бөлінген қаражат дұрыс игерілмеген, - депутат

Былтыр онкологиялық ауруды ерте анықтауға қаражат бөлінгенімен, уақтылы диагностикалау шаралары жүргізілмеген. Тиісінше, ақшаның басым бөлігі нәтиже бермейтін, соңы өліммен аяқталатын ауруды емдеуге кетті. Мәжілісмен Лариса Павловец бүгін Денсаулық сақтау министрлігіне депутаттық сауал жолдады. Әрине, депутаттың дабыл қағатынындай бар. Өткен жылы обыр ауруынан 14 мыңнан астам қазақстандық көз жұмған. Әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты жалғастырады.

Қатерлі ісіктің құрбаны артып, шалдығушылардың саны көбейіп келеді. Былтырдың өзінде 190 мың науқас осы дертпен ауырған. Дегенмен бұрыңғы дәрігер, қазір депутат Лариса Павловецтің, скринингтік тексеру жұмыстарына көңілі толмайды. «Барлығына пандемия себеп» дегенді, сылтауға балады. Ол елдің бас дәрігері Алексей Цойдан ауруды ерте диагностикалаудың сапасын жақсартуды талап етті.

Лариса ПАВЛОВЕЦ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ  ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бюджеттен қаражат бөлінгеніне қарамастан, ерте диагностика максималды деңгейде жүргізілмеген,. Сондықтан онкопатологияны анықтау кейінгі кезеңдерде жүреді. Демек, шығындар 100% - өлімге әкелетін, нәтиже бермейтін ауруды емдеуге жұмсалған. 2020 жылы шамамен 11,3 млрд теңге бөлінді, оның 70% -ы ғана игерілді. Уәкілетті орган «скринингтік тексеруге барлық жағдай жасалған» деп есеп береді, бірақ іс жүзінде олай емес.

Ал, дәрігерлердің өз уәжі бар. Айтуларынша өткен жылы елдегі жағдай дәрігерлердің толық көлемде жұмыс істеуіне кедергі келтірген. Енгізілген шектеулерге байланысты тұрғындарды скринингпен қамту 20 пайызға төмендепті.

Диляра ҚАЙДАРОВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАС ОНКОЛОГ- ДӘРІГЕРІ:


Өздеріңіз білесіздер, наурыз айында басталған карантин жағдайы біраз уақытқа созылды. Емдеу мекемелері науқастарды тұрақты түрде қабылдай алмады. Тұрғындар да денсаулықтарына бейқам қарап, дәрігерге тексерілуге келмей жүрді.

22 жылдан бері обыр ауруына шалдыққандарды емдеп жүрген онколог маман қазіргі уақытта  асқазан, өкпе, сүт безінің қатерлі ісігі көбейген деп отыр. Әсіресе, сүт безі 2008 жылдан бастап бірінші орында екен. Дәрігер салауатты өмір салтын ұстанбаудың соңы ауруға әкелетінін ескертеді. Сонымен бірге науқастардың арасында ер адамдар көптеп кездесетін көрінеді.

Бақтыбай ОРАЗБЕКОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. КӨПСАЛАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ЕМДЕУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Осы - үш ағзада - ең көп кездесетіні қатерлі ісік. Енді терінің қатерлі ісігі, мелономасы деген ауру бар. Олар жеңіл емделетін болғандықтан, оларды мен тізімге қосқым келмеді. Терінің қатерлі ісігін алып тастасаң емделіп кетеді бірінші, екінші сатысында. Одан кейін біз 5 жылдан кейін есептен де шығарып тасатаймыз.

Айта кетейін, Қазақстан бойынша скринингтік тексерулер 2 жыл сайын өткізіліп тұрады. 5 қаңтарда басталған профилактикалық жұмыстар, жылдың соңына дейін жалғаспақ.

А. Данияр