Павлодарда бизнес нысандары жаппай жабылудың алдында тұр. Пандемия басталғалы, қоғамдық тамақтану орындарының 60 пайызы жабылып қалған. Бұған өңірдің 2 айы бойы «қызыл аймақтан» шықпауы себеп. Соның салдарынан кәсіпкерлер кәсібінен айырылып, шығынға батқан. Амалы таусылған бизнес өкілдері биліктегілерге үндеу жасады. Жұмыс күнін ұзартып, демалыс күндері де шектеусіз жұмыс істеуге рұқсат берулерін сұрайды.
Пандемия басталғанға дейін аймақта 500-ге жуық қоғамдық тамақтану орыны болған. Көпшілігі бүгінде жабылып қалған. Тек 140-ы жұмыс істеп жатыр. Өлместің күнін кешкендер, пайда табуды емес, тұралатып қалмаудың қамымен жүр.
Гүлбану МАЙҒАРИНА, КӘСІПКЕР:
Мен бүкіл Қазақстан бойынша мейрамханалар желісімен жұмыс істеймін. Бірақ, мұндай сорақылылықты еш жерден көрмедім. Павлодарда ашқан мейрамханамыздың жұмысы жүрмей қойды. Сенбі, жексенбі жұмыс істей алмаймыз. Мониторингтік топ деген күніне бәлен рет келеді. Маза бермейді. Билік ковидпен емес, бизнеспен күресіп жатқан секілді. Табыс емес, шығынға батып жатырмыз.
Павлодар облысы соңғы 2 айда «қызыл аймақтан» шыға алар емес. Соның салдарынан мейрамханалар мен дәмханалардың жұмыс уақыты қысқарталған. Жұмыс күндері ғана, кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істей алады. Ал бұл кіәсіп иесін тығырыққа тіреген көрінеді.
Вероника НҰРПЕЙІСОВА, ҚОҒАМДЫҚ ТАМАҚТАНУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Павлодарда тамақтану орындарының жұмыс істеуіне рұқсат бермесе, мұндағы дәмханалардың 40 пайызы жабылады. Онсызда олар әрең күн көріп отыр. Біз барлық өңірлерде болдық. Байқағанымыз, Павлодардағы мониторингтік топтардың әрекеті өрескел көрінді. Олар бір тексерген жеріне күнде барғаны былай тұрсын, күніне бірнеше рет барады. Бұл деген жемқорлыққа бастайтын жол секілді.
Ал аймақтың бас санитар дәрігері әзірге эпидемологиялық ахуал түзелмейінше, карантиндік шектеулер алынбайтынын қадап айтты. Өйткені, өңірде ауру көрсеткіші әлі де азаймай тұр. Өткен тәулікте 114 адамнан коронавирус табылған.
Батырбек ӘЛИЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:
Бізде ауру көрсеткіші желтоқсан, қаңтар айларында күрт өсті. Бұл уақытта мерекелер өте көп. Мәселен, жаңа жыл кезінде ауру ұлғайды. Бұның бәрі адамдардың карантин талаптарын сақтамауынан. Бұл кезде қонаққа бару, қыдыру, той-томалық өткізу де көбейген. Сол себептен де ауру жұқтыру көрсеткіші артты. Оған қоса бұл айларда жұқпалы тұмаудың да өршитін тұсы. Осының бәрі әсер етіп отыр.
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Осы аптадан бастап қоғамдық тамақтану орындарына сенбі- жексенбі күндері жұмыс істеуге рұқсат етілді. Бұл аз да болса кәсіпкерлерге септігін тигізеді - деген үміт бар. Өйткені, қымбатшылық жайлаған тұста карантин ешкімге де оңай болмай тұр.
Ө. Қуанар