Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қазақстан мен Қытай шекарасында 8 мың жүк вагоны қаңтарылып тұр

AstanaTV
19.02.2021ж. 20:00
2438
Қазақстан мен Қытай шекарасында 8 мың жүк вагоны қаңтарылып тұр

Қазақ-Қытай шекарасында, бір ғана павлодарлық кәсіпкердің өнім тиеген 250 вагоны қаңтарылып тұр. Қыздырылған мұнай коксын өндіретін зауыт пандемия салдарынан өнімдерін, Қытайға өткізе алмай отыр. Экспортқа өнім шығара алмай қалған кәсіпорын, енді жұмысшыларын қысқартуы мүмкін. Шығынға батқан кәсіпкер мәселені Үкіметтік деңгейде шешуді сұрайды.

Қыздырылған мұнай коксын өндіретін кәсіпорын жылына 170 мың тонна өнім шығарады. Өнімнің үштен бір бөлігін Қытай еліне экспорттап келген. Алайда, пандемия салдарынан мұнай коксын аспан асты еліне өткізу мәселеге айналған. Соның кесірінен өнімдері екі елдің шекарасында қаңтарылып тұр.

Дамир МАСАҚБАЕВ, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ:

 
Қоймаларымыз толып қалды. Өнімімізді өткізетін жер қалмады. Тіпті, зауытты тоқтататын жағдайға жетіп қалдық. Қазір жұмысшыларды ақысыз демалысқа жіберу немесе қысқарту мәселесі қарастырылып жатыр.    


Шекарада өтпей қалған өнім кәсіпорынды тығырыққа тіреген. Қарызға белшесінен батқан кәсіпкерлер бұл мәселенің үкіметтік деңгейде шешілуін сұрайды.  

Дәурен МИГУНОВ, «ҚТЖ-ЖҮК ТАСЫМАЛЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Қытай тарапымен тек «Аланжол Интернешнл Порт» бойынша ғана жоспар келісілген. Басқа қабылдаулар бойынша Қытай бас тартып отыр. «УПНК»-ның 250 вагоны өткен жылдан бері тұр. Қытайдың «Алашанькоу» станциясы жүк қабылдамай жатыр.  


Мәселені талқылаған «Кәсіпкерлер» палатасы, көлік шығынын өндіріп алуға болатынын айтады. Өнім экспорттаушыларға, сақтандыру бағдарламасы да қарастырылғанын жеткізді.

Азамат АСҚАРҰЛЫ, "САУДА САЯСАТЫН ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:


Транспорттық шығындарды өтеу бойынша бюджет 7,7 млрд теңге. Павлодар облысы өткен жылы тек ғана 159 млн теңгені қолданды. Менің бүгінгі келіп отырған мақсатым осы Павлодар облысының экспортерларына біздің инструменттерді баршалай көрсету және оларды түсіндіру. Сондықтан оларды қолдануға шақырам.


«Қазақстан темір жолы» компаниясының мәліметінше, қазіргі күні Қазақстан мен Қытай шекарасында  8 мың  жүк вагоны тұр. Ал тауар өндірушілер, өнімдерінің уақыт өткен сайын сапасы төмендеп кеткеніне де алаңдаушылық білдірді. Мәселенің қашан шешілетінін ешкім дөп басып айта алмады.

Ө. Қуанар