$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қатты желден оңтүстікте ағаштар құлады, солтүстікте жолдар жабылды

AstanaTV
19.02.2021ж. 20:00
2516
Қатты желден оңтүстікте ағаштар құлады, солтүстікте жолдар жабылды

Бейсенбінің кешінен елдегі 15 өңірінде ауа райы күрт нашарлады. Солтүстік аймақтарда қарлы боран, ал оңтүстікте екпінді жел тұрды. Шатырлар ұшып, ағаштар құлады. Жолдар жабылды. Әсіресе Қостанайда қарлы боран қарбаласқа салды. Ақ ұлпаны коммуналды қызмет тазартып үлгере алар емес. Автобустар тоқтады. Ақпандағы ақтүтек боранның әлегін әріптесім Заңғар Санай айтып береді.

Ақпанның он сегізі кешқұрым Тобыл өңірінде ақтүтек боран күшейе түсті. Күн райының күрт бұзылуына байланысты аймақтағы 26 жол жабылған. Күре жолдарға арнайы техника шығып, жолда қалғандарды анықтады. Облыс көлемінде 7 операция жүргізіліп 12 адам қар құрсауынан құтқарылған. Жылыту бекеттері ашылды.  

Азамат ОРЫМБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Барлығына көмек көрсету мақсатында 27 жылыту бекеті сол жолдарда дайын болды. Тек қана сегізін халыққа қолдандық. 92 адам оның ішінде 6 жасөспірім бала орналасты. Оларға арнайы төсек орын және тамақпен қамтамасыз етілді.

Қарлы бұрқасынан қаладағы қоғамдық көлік тоқтап қалды. Көшедегі көпшілікті төтенше жағдайлар департаментінің арнайы техникалары тасыды. Құтқарушылармен қатар жұмыс істеген полицейлер де көлік жүргізушілеріне көмек көрсетті. Аманжол Қайратұлы екі шақырым жаяу жүріп көліктер легіне жол нұсқаған. Көптің алғысына кенелген патрульдік полицей бұған дейін де ерлік жасап, өртенген үйден адамдар алып шыққан көрінеді.

Амантай БАЙЖАНОВ, ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Ойлануға уақыт болған жоқ. Өзімде тәжірибелі көлік жүргізуші ретінде жақсы түсіндім. Сондықтан жол көрсетуге тура келді. Кейбір қарға батқан көліктерді көппен бірге итеріп алып шығып, ақырындап қалаға қарай бет алдық.

Ал Қызылжарда қарлы бұрқасын салдарынан екі бала жоғалып кеткен. 17 және 7 жастағы балалар ат шанамен Есілдің жағасына жылқы қарауға шыққан. Қалың қардың соңы қатты желге ұласып, ағайындылар адасып қалған. Оларды іздеуге тәртіп сақшыларымен бірге ауыл тұрғындары атсалысты.

Ернияз АШКЕН, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:


Күн суық болды. Бір уақытта інім тоңған кезде мен курткамды шешіп, оған бердім. Шаршаған кезде қарды ойып, ішінде жаттық. Өйткені, жел болмайды. Ат шаршады, жүре алмай қалды. Сосын мен інімді арқама салып, бір жарық көрінді. Ол Қаратал ауылының жарығы екен.

Қазгидрометтің хабарлауынша Қостанай облысына бір айлық қардың мөлшері түскен. Желдің екіпіні секундына 28 метрге дейін жеткен. Қатты желден шатыр ұшып, ағаштар  опырылған жоқ. Тек кейбір жерлерде электр сымдары үзілген. Жамбыл облысында да қатты жел тұрып, ғимараттардың шатыры ұшты. Екпінді жел көшедегі ағаштарды тамырымен құлатты.

Қазір қала халқының басым бөлігі байланыссыз, жарықсыз қалған. Бұл жағдайдың қай кезде реттелетіні белгісіз.

З. Санай, А. Құрманкин