Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында дамыған 15 ел OIC-15 тобын құруы қажет- Н.Назарбаев

AstanaTV
11.09.2017ж. 20:00
3785
Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында дамыған 15 ел OIC-15 тобын құруы қажет- Н.Назарбаев

Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында дамыған 15 ел OIC-15 тобын құруы қажет. Ол  ислам елдерінің ғылым мен технологияға ден қоюына ықпалдасады. Астанада өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымы саммиті кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Ислам елдері бұл тақырып аясында алғаш бас қосып отыр. Бұл жөнінде былтыр Ыстанбұлда өткен кезекті жиында Назарбаев ұсыныс білдірген. Саммитте Мьянмадағы Рохинжа мұсылмандары мәселесі де ұмыт қалған жоқ.

Алгебра ғылымының атасы - Әл Хорезми. Әмударияда туып өскен, мұсылман. Ал астрономияда Әл Баттанидің орыны ерек. Бүгінгі ғылым мен технология негіздері ислам өркениетінен бастау алады. "Дін ғылым мен білімнің дамуына кедергі" деген пікір ақиқатқа мүлдем қайшы, - деді Президент. Және Пайғамбар хадистеріндегі "Таң сәріден ғылым іздеп, оны зерттеуге кірісу 20 рәкахат намазбен тең" деген тұстарды еске түсірді.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ислам әлеміндегі маңызды ғылыми-экономикалық мәселелерді шешу үшін, G20 форумы сияқты бізге де бейресми топ құратын кез келді деп ойлаймын. Ислам ұйымының алдыңғы қатарлы он бес мемлекеті бірігіп, оны OIC-15 деп атасақ, дұрыс болар еді. Ислам үмметіне ғылым мен техникалар саласын да дамыту мәселесі өте маңызды болып отыр.

Бүгін белгілі болғандай, OIC-15 ке Қазақстан да кіреді. Құрамында 57 мемлекет бар Ислам әлеміндегі ең ықпалды ұйым Мяньмадағы оқиғаны айналып өтпеді. Ұйым төрағасы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Мяньма билігіне үндеу жариялағаны белгілі. Онда жағдайды әділ сараптауға Біріккен Ұлттар Ұйым өкілдерінің араласуын қамтамыз етуді, Бангладешке бас сауғалап қашқан 270 000 рохинжа мұсылмандарын Ракхайн штатына қайтаруды, гуманитарлық көмек беруге мүмкіндік жасау туралы айтылады. 

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

Мяньма билігінен Ракхайн шатындағы гуманитарлық ахуалдың бұдан бетер ушығуына жол бермеуін талап етеміз. Әр адам діні, ұлтына қарамастан, қорықпай, қудалауға ұшырымай, өмір сүруін қамтамасыз етуді сұраймыз.

Саммит аясында Ислам елдерінің аса көрнекті ғалымдары ғылым мен технологияларды дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы сыйлықпен марапатталды. Барлығы 5 ғалым. Оның ішінде Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұлов та бар. Айтуынша, ғылыми зерттеулер қыруар қаражатты қажет етеді. Мәселен, дәрі-дәрмек шығаратын "Бигфарма" атты әлемдік компания зерттеулерге күнделікті 2 млн доллар жұмсайды.

Ерлан Раманқұлов, Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры:

Бізге ортақ проблемаларды тауып, қаржы бөліп, арнайы қор құру қажет. Біздің ұйымда 1,5 млрд адам бар. Олардың ішінен қорды қаржылай қолдауға 100 адам  табылады деп ойлаймын. 

Бүгінде ислам әлемінің 55 пайызы сауатсыз. Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйым елдері білім-ғылымға жалпы ішкі өнімнің 5,2 пайызын жұмсайды. Ал Ислам елдерінде бұл 1 пайызға да жетпейді. Осы уақытқа дейін Нобель сыйлығын ұйымға мүше елдерден екі-ақ адам алған. Мысыр және пәкістандық ғалымдар. Саммит әр үш жыл сайын өтетін болып шешілді. Ұйымға мүше елдер 2021 жылы Ташкентте бас қосады